Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 443.50
EUR 479.47
RUB 5.79
CNY 62.51

Жамбылдағы пилоттық жоба: 5,4 млрд теңгеге 1,7 мыңнан астам жоба қаржыландырылды

2020 жылдың 25 ақпан 2020 06:04

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңір тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасының орындалу барысын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімдігінде өткен басқосу барысында тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсартудың пилоттық жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысы сараланды. Бүгінде жоба аясында 5,4 миллиард теңгеге 1,7 мыңнан астам өтінім қаржыландырылды. Одан бөлек тағы 664 өтінім «Тараз» ӘКК-мен қаралуда десек, олардың қорытындысы 10 наурызға дейін белгілі болады. Мұратхан Шүкеев жобаның барлық бес бағыты аясында облыс бойынша таңдалып алынған пилоттық 11 ауылдық округтегі аулалардың 88 пайызы қатысып жатқанын жеткізді.

Бұл қанатқақты жобаның тек облыс ғана емес, сондай-ақ барша еліміздің тұрғындарының тұрмысын арттыру жолындағы маңыздылығын тілге тиек еткен Б.Сапарбаев жергілікті жерлердегі әкімдер ұтымды ұйымдастыру жұмыстарын күшейту керектігін жеткізді. Осы орайда аймақ басшысы кепіл құжаттарының қаралуына көп уақыт кетіп отырғанын, мал сатып алуға бөлінген 5,3 миллиард теңгенің бүгінге дейін тек 2,2 миллиард теңгесі ғана игерілгенін айтты.

Облыс әкімі әрбір елді мекенде жобаны іске асыруға арнайы жауапты адамды бекіту керектігін тапсырды. Облыс әкімінің орынбасарлары Мұратхан Шүкеев пен Нұржан Қалендеровке көктемгі егіс жұмыстары басталғанға дейін, яғни 10 наурызға дейін өтініш берушілердің құжаттарынтолық рәсімдеп, несиелендіру, жер телімдерін беру, мал мен техниканы сатып алу бойынша іс-шараларды аяқтау тапсырды.

– Пилоттық жобаның басты мақсаты – халықтың табысын арттыру және жұмыссыздық деңгейін төмендету болып табылады. Жалпы алғанда, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері өткен жылдың есепті кезеңіндегі деңгейден төмен болмауы тиіс, - деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі «Тараз « химия паркі« АЭА-ның дамуына, шағын несиелер мен гранттар көлемін арттыруға, АӘК алушылар санын нақтылауға, МӘМС жүйесін сапалы енгізуге, спорт нысандарының толық жүктемесінде жұмыс жасауына, шекарадағы бақылау шараларын күшейтуге және тұрақты түрде облыс аудандарының күндерін өткізіп отыруға назар аудартты.

Кеңесті қорытындылай келе, аймақ басшысы атқарушы органдардың негізі қызметі Мемлекет басшысының ел халқына Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын Мемлекет« тұжырымдамасын іске асыруға, азаматтардың өтініштеріне жедел және мұқият ден қоюға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.

Жоғары қарай