Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Жамбылдағы демалыс орындары қаншалықты қауіпсіз

2018 жылдың 19 тамыз 2018 21:19

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасы өткізген баспасөз мәслихатында шомылу маусымы кезіндегі балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бері облыс аумағындағы су айдындарында 16 қайғылы жағдай орын алды. 17 адам қаза тапты, оның ішінде оны - балалар. Бір ғана шілде-тамыз айларында шомылуға арналған жерлерде және бассейндерде 14 жасқа дейінгі 3 бала суға кетті»,-деді Жамбыл облысы бойынша ТЖД бөлім басшысы Омар Тәкеев.

12 тамыз күні 10 және 11 жасар екі бала Шу ауданындағы магистральды каналға батып кетті. Бір тәуліктен кейін ТЖД қызметкерлері 11 жасар баланың денесін судан алып шықты. Ал 10 жасар баланың денесі бес тәуліуктен бері табылмай отыр. Сондай-ақ Тараздағы «Күншуақ» демалыс орталығында 7 жасар бала суға батып кетті. «Уатервиль» демалыс аймағындағы бассейннен 14 жасар жасөспірімінің денесін куәгерлер шығарып алды.

Облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының жетекшісі Юрий Салагаев атап өткендей, шомылуға арнап жабдықталған жерде де қайғылы оқиғалар жиі орын алатын болды.

«Шомылу маусымы басталғалы ата-анасы бас-көз болмаған балалар мен жасөпірімдер көп суға кететін болды. Негізгі себеп - қауіпсіздік туралы жалған түсінік. Қауіпсіздік ережелерін дөрекі түрде бұзу, кішкентай балаларды қараусыз қалдыру, сондай-ақ мас күйде суға түсу жақсылыққа апармайды»,-деді ол.

Жиынға қатысушылардың айтуынша, барлық демалыс орталықтарында құтқарушылар болуы керектігін міндеттейтін ішкі істер министрінің бұйрығы бар. Алайда, құтқарушылар шынымен бар ма, жоқ па - оны тексеруге ешкімнің мүмкіндігі жоқ. Облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының жетекшісі Ю.Салагаевтың айтуынша, олардың қазір бақылау-тексеру функциясы жоқ. Облыстық ІІД ювеналды полиция басшысы Қуанышбек Қалжанов полицияның да оған құқығы жоқ екенін атап өтті. Тіпті, Жамбыл облысы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның да демалыс орталықтарын тексеруге ешқандай қақысы жоқ болып шықты.

Жоғары қарай