Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 376.72
EUR 408.67
RUB 5.76
CNY 53.68

Зарина Дияс Аустралия чемпионатының үшінші айналымына шықты

2020 жылдың 23 қаңтар 2020 11:06

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Зарина Дияс Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 73-орында тұрған З.Дияс екінші айналымда әлемнің 58-ракеткасы, ресейлік Анна Блинковамен кездесті.

Бұған дейін 21 жастағы А.Блинкова өткен жылы Бейжің турнирінің іріктеу сайысында 1993 жылғы З.Диясты 6:2, 7:5 есебімен ұтқан еді. Ал биыл Қытайдағы Шэньчжэнь додасында Зарина 6:1, 6:7 (9:11), 6:4 есебімен есе қайырған болатын.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші 4:2 есебімен алға шыққанымен, сол басымдылықты ұстап тұра алмай, жеңіліп қалды – 4:6.

Есесіне екінші сетте 6:3 есебімен қарымта қайырды. Бұл партия кезінде жаңбырға байланысты үзіліс орын алды.

Шешуші, үшінші партияда Зарина брейкпен 2:0 есебімен алға шыққанымен, қарсыласы қатарынан үш геймді алды. Дегенмен Зарина сол бойда қайта теңестіріп, өзі алға кетті – 4:3. Содан кейін есеп 5:4 болған кезде А.Блинкова доп бергенде, екінші матчболын сәтті пайдаланды – 6:4.

Аса тартысты матч 2 сағат 8 минутқа созылды.

З.Дияс үшінші айналымда әлемнің оныншы, осы жарыстың 9-ракеткасы, Нидерланды өкілі Кики Бертенс немесе рейтингте 163-сатыдағы аустралиялық Арина Родионованың біреуімен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия біріншілігінің үшінші айналымына шыққан Елена Рыбакинаның әлемнің бірінші ракеткасымен кездесетінін жазған болатынбыз.


Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Спорт,
Жоғары қарай