Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 376.09
EUR 426.71
RUB 5.72
CNY 55.99

Зағип жандар футбол командасы халықаралық аренаға шықпақ

2019 жылдың 24 қаңтар 2019 00:20 1019

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде зағип жандардан құралған «Blind football Team» атты футбол командасы қызу дайындық үстінде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің футбол командамыз өткен жылдың қыркүйек айында Алматыдағы «Қайрат» футбол клубының базасында құрылды. Бұл футбол түрінің ережесі бойынша команда екі құрамда 5\5 ойыншыдан тұрады. Қазіргі күні 12 ойыншы бар олардың 80% көзі толығымен көрмейді», - дейді Қазақстандағы «Blind football» жобасының үйлестірушісі Шыңғыс Темірханов. 

Оның айтуынша, «Blind football Team» әзірге жалғыз команда болғандықтан ол клубтық және ұлттық құрама деңгейінде теңдей ойнайды.

«Команда құрамына кіру үшін футбол ойынына деген ерекше ынтадан бөлек, спортшының жақсы физикалық дайындығы болуы тиіс. Өткен жылдың қараша айында УЕФА және IBSA ұйымдарының қолдауымен жаттықтырушы, гид, психолог және қызмет көрсетуші мамандарға арналған оқыту курсы ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда футбол командасын жетілдіру және насихаттау жұмыстарын белсенді жүргізудеміз», - деді ол.

Қазіргі уақытта футболшылар үстіміздегі жылдың мамыр айында өтетін Ресей кубогы мен Азия чемпионатына қызу дайындық үстінде. Одан бөлек, 2020 жылы Токиода өтетін паралимпиадалық ойынға жолдама алуға қатысу да жоспарда бар.

«Blind football»-дың ережесі бойынша команда құрамында 5 адам ойнайды, оның төртеуі зағип жандар, бесіншісі қорғаушы, ол көзі көретін ойыншы болуы шарт. Сонымен қатар, қажет жағдайда ойыншылар ауыса алады және бір ойын 20-25 минутқа созылады. Тағы бір айта кетерлігі, футбол ойнайтын 4 ойыншыға арнайы көзілдірік беріледі. Оның екі мақсаты бар, бірінші қорғау құралы ретінде, екіншіден әділдік үшін. Өйткені, әр ойыншының көру деңгейі әртүрлі, яғни біреулер орташа, ал біреулер төмен деңгейде көреді, ал көзілдіріктен ештеңе көрінбейді. Одан бөлек, ойыншыларға жөн сілтеп тұратын арнайы гид мамандары бар, олар қақпаның қасында тұрады және ойын алаңының екі жақ шетінде жаттықтырушылары тұрады, олардың өз ойыншыларына жөн сілтеуге құқықтары бар», -дейді Ш.Темірханов.

Айта кетсек, зағип жандарға арналған «Blind football» спорт түрінен алғаш рет әлем чемпионаты 1986 жылы Испанияда өтті, ал 2004 жылдан бастап аталған футбол түрі паралимпиада ойындарының тізіміне енгізілді. 

 

 

Автор: Дәулет Ізтілеу
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай