Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 383.95
EUR 429.26
RUB 6.16
CNY 55.02

Welcome to Aqtóbe: Ақтөбеде алғаш рет жастарға арналған телехикая түсірілді

2019 жылдың 17 қыркүйек 2019 20:34

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – «Aqtóbe» телеарнасы жаңа маусымда «Welcome to Aqtóbe» телехикаясын таныстырды. 20 бөлімнен тұратын телехикая еліміздің батыс өңірінде алғаш рет түсірілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Aqtóbe» арнасы отандық кино өндіріске өз үлесін қосты. Өткен жылы «Бір түп алма ағашы» көркем фильмі көрсетілсе, биыл Ақтөбе қаласының 150 жылдығы мен Жастар жылына орай ситком жанрында телехикая түсірді. Телехикаяда жан-жақтан келген студенттердің өмірі бейнеленген. Идея авторы - Азамат Айнағұлов, режиссері - Марат Телеуов, ал сценарий авторы - Өркен Мұқақов.

«Студенттердің рөлін сомдау үшін арнайы кастинг жарияланды. Барлығы екі жүзге жуық жас келді. Оның ішінен төрт жігіт, төрт қыз және қосымша рөлге үш жасты таңдап алдық. Сөйтіп, қаңтар айында ешқандай қаржылық қолдау, демеушінің көмегінсіз іске кірістік. Бес ай жұмыс жасадық. Телеарна ғимаратының жертөлесін пайдаландық. Барлық шаруаны өзіміз атқардық. Ал сыртта түсірілетін кадрларға кейбір кафе-мейрамхана басшылары демеушілік көрсетті», - деді Азамат Айнағұлов.








Алғашқы туындыда аудан, қала, шетелден келген жастардың қызықты өмірі суреттелді. Бір жатақханада тұратын студенттер түрлі сәттерді бастан кешеді. Махаббат, достық, адалдық та телехикаяның негізгі желісінен табылады. Телехикая 10 бөлімнен тұрады. Әр бөлімнің ұзақтығы - 20 минут.

«Бұл көрерменге оңай көрінуі мүмкін. Бірақ біз үлкен қиындықпен түсірдік. Себебі қаржылай көмек, техника, арнайы мамандар болмағаннан кейін барлығын өзіміз жасауға тура келді. Бұндай телехикая еліміздің батыс аймағында алғаш рет түсіріліп отыр. Алғашқы қадам қашанда қиын. Бір айта кетерлігі, туындыны тек қана ақтөбеліктер түсірді. Ойнаған әртістер де ақтөбелік жастар болды. Сондықтан Ақтөбенің туындысы деп толық айтуға болады. Демеуші болса, телехикаяның екінші кезеңін түсіру де жоспарда бар», - деді режиссер Марат Телеуов. Телехикая әр жексенбі сайын көрсетіледі. Алғашқы сериясы 22 қыркүйек күні сағат 21:00-де басталады. Айта кетейік, жаңа маусымда «Кездер-ай», «Замана», «Азамат екен» және «Әйелдер әлемі» сияқты жаңа бағдарламалар көрерменге ұсынылады.








Жоғары қарай