Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 384.63
EUR 427.98
RUB 6.08
CNY 54.68

Үзілген әнұран: Жанкүйерлерін тебіренткен жасөспірім қыздар елге қашан оралады

2019 жылдың 27 қыркүйек 2019 17:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үндістанның Бенгалуру қаласында су спорты түрлерінен өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына қатысқан спортшыларымыздың алғашқы легі 2 қазан күні елге оралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Су добынан ұлттық құрама командасының басшысы Назира Шагирова айтып берді.

«Үндістанның Бенгалуру қаласында су спорты түрлерінен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты 3 қазанға дейін жалғасады. Алайда, жарысты аяқтаған құрама мүшелерінің алды 2 қазан күні елге оралады. Олардың арасында жарыс барысында техникалық ақау орын алып, үзіліп қалған әнұранымызды орындап шыққан кішкентай аруларымыз да бар», - деп атап өтті ол.




Сондай-ақ, спортшылардың еліміздің қай қаласына ұшып келетіні де нақтыланды.

«Өздерінің нағыз патриот екенін сөзбен емес, нақты іспен дәлелдеп, барша жанкүйерлерді тебіренткен 13 қызымыз сол алғашқы лекпен бірге 2 қазан күні, түстен кейін сағат 16:00 шамасында елордамыздағы халықаралық әуежайға келіп қонады. Қарсы аламыз деген бүкіл жанкүйерлерді сол күні қуана-қуана әуежайда күтеміз», - деді Назира Ерікқызы.

Сонымен қатар, Назира Шагирова әр спортшының мемлекеттік әнұранымызды жатқа білуі - олардың азаматтық борышы екенін де тілге тиек етті.




«Біздің әр спортшымыз мемлекеттік әнұранымызды азаматтық борышы ретінде жатқа білуі тиіс деп есептеймін. Өздеріңіз көргендей, тосыннан болған оқиғаға қарамастан қыздарымыз бір дауыстан әнұранымызды еркін орындап шықты», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін су добынан Қазақстан мен Қытай командалары арасындағы ойын алдында болған жағдай туралы жазған болатынбыз. Дыбыстық жабдықтың техникалық ақауына байланысты ҚР гимні 8-секундта кенеттен үзіліп кетіп, сол тұста Қазақстан жасөспірімдер құрамасы абыржымай, өз даусымен әнұранды соңына дейін айтып шықты.




Автор Күнсұлтан Отарбай
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай