Ауа райы
Астана -16 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 376.43
EUR 407.11
RUB 5.76
CNY 53.55

Ұлыбритания Патшайымы Brexit туралы заңға қол қойды

2020 жылдың 24 қаңтар 2020 00:21

ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Ұлыбритания Патшайымы Елизавета II Еуропалық одақтан елдің шығуы туралы парламент қабылдаған заңға қол қойды, сол арқылы Brexit 31 қаңтарда жүзеге асатыны мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC-ге сілтеме жасап.

Британ үкіметінің ЕО-дан шығу ісі жөніндегі министрі Стивен Баркли Twitter-дегі парақшасында заңның күшіне енгенін жариялады.

«Кеше Қауымдар палатасы мен Лордтар палатасы Brexit туралы заңды толық мақұлдады. Бүгін Патшайым заңға қол қойды, заң күшіне енді. Бұл аталмыш құжаттың заңға айналғанын білдіреді. Әрі 31 қаңтарда ЕО-дан біздің шығатынымызды растайды», - деді Стивен Баркли видеоүндеуінде.

«Осы сызықты біз ешқашан аттап өте алмайтын секілді болдық, алайда біз оны іске асырдық», - деп мәлімдеді заңның күшіне енуіне қатысты сөйлеген елдің премьері Борис Джонсон.

Патшайымның заңнамаға қол қоюы ресми рәсім болып саналады. Өйткені монарх парламент мақұлдаған барлық заңға қол қоюы тиіс.

Былтыр желтоқсан айында парламент мақұлдаған премьер Борис Джонсонның жоспарына сәйкес, Британия 31 қаңтарда кешкі сағат 11-де Еуроодақтан ресми түрде шығады.

Еуропарламент 31 қаңтарда Британияның шығуы туралы мәселе бойынша дауыс береді. Еуродепутаттар Британия парламенті қабылдаған ЕО-дан шығу жөніндегі мәмілені мақұлдауы күтіліп отыр.

Британияның 2016 жылы жазда өткізген Еуроодақтан шығу туралы референдумы оңайға соқпады.

Brexit мәселесі елді екіге бөлді, екі консервативті үкімет (Дэвид Кэмерон мен Тереза Мэй) отставкаға кетті және екі мәрте парламент сайлауы (2017, 2019 жылдары) өткізілді.

Перевод Жәнібек Амангелді
Басты сөздер: Әлем,
Жоғары қарай