Ауа райы
Нұр-Сұлтан 16 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 382.38
EUR 428.30
RUB 5.97
CNY 55.39

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті

2019 жылдың 15 сәуір 2019 19:18 856

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені +/-1% пайыздық мөлшерлеме дәлізімен 9 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Өтімділікті беру мен алу операциялары бойынша мөлшерлеме де тиісінше 10 және 8 пайызға дейін төмендетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаевтың  айтуынша, базалық мөлшерлеме - ақша-кредит саясатының негізгі құралы. Ол орта мерзімді кезеңде инфляцияның нысаналы бағдарына жетуге мүмкіндік беретін деңгейде белгіленеді.

«Біздің бағалауымыз бойынша базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі инфляцияны 2019-2020 жылдарға белгіленген 4-6пайыздық дәліз шегінде ұстап тұруға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында Е.Досаев.

Оның атап өтуінше, базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешім ішкі және сыртқы сипаттағы бірқатар факторға негізделеді. Олардың ішінде ағымдағы жылы инфляцияның төмендеуі бойынша деректер, халықтың оның болашақ серпініне қатысты күтулері, негізгі сауда әріптес елдердегі инфляцияның баяулауы бойынша күтулер, сондай-ақ сыртқы шикізат нарықтарындағы қолайлы үрдістер бар.  Ағымдағы жылғы наурызда жылдық инфляция 4,8 пайыз болды.

«Инфляцияның құрылымында азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы ағымдағы жылғы наурыздың қорытындысы бойынша 6,0 пайызға жетіп, бір жарым жыл ішінде жылдық серпіні біртіндеп баяулағанын көрсетті», - деді ол.

Қазақстан Ұлттық банкі төрағасы атап өткендей, азық-түлік тауарларының

бағасы инфляцияның өсуіне көп үлес қоса отырып, ағымдағы жылғы наурызда жылдық

өлшемде 6,7 пайызға өсті. Осындай серпіннің себебі негізгі ауыл шаруашылығы дақылдары мен оларды қайта өңдеуөнімдерінің, сондай-ақ импорттық өнімнің қымбаттауы болды.

«Инфляцияның төмендеуі көбінесе ақылы қызметтердің баға серпініне негізделді. Бағалардың және олар бойынша тарифтердің жылдық өсімі 1,2 пайызға дейін баяулады, бұл осы құрауыштың тарихи ең төменгі мәні болып табылады. Қызметтер тарифтерінің төмендеу процесі елдің барлық өңірлерінде іс жүзінде аяқталғанын және одан әрі, бұл фактордың инфляцияның серпініне әсері төмендейтіні күтілетінін атап өтемін», - деді Е. Досаев.

Сонымен қатар ол Ұлттық банк шешіміне ықпал еткен факторлар туралы айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, ең алдымен ағымдағы жылы халықтың инфляциялық күтулерінің төмендеуіне үрдіс жалғасып отыр.

«Негізгі фактор нақты жылдық инфляцияның бәсеңдеуі және теңгенің айырбастау бағамының тұрақтануы болды. Сауалнама нәтижелері бойынша ағымдағы жылдың ақпанымен салыстырғанда наурызда келесі 12 ай ішінде бағалар осылай жылдам өседі немесе бұдан да жылдам өседі деп санайтын респонденттердің үлесі 58,3 пайызға дейін төмендеді», - деп атап өтті Е.Досаев.

 

 

Жоғары қарай