Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 377.29
EUR 418.41
RUB 6.09
CNY 54.66

ҰҚК браконьерлерден 1 тонна киік мүйізін тәркіледі

2019 жылдың 25 қазан 2019 21:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қытайға киік мүйізін контрабандалық жолмен тасымалдаған қылмыстық топты анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2019 жылдың қыркүйек-қазан айларында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұзақ уақыт бойы заңсыз киік атып, олардың мүйізін Қытайға контрабандалық жолмен тасымалдайтын ұйымдасқан қылмыстық топ әрекетінің жолын кесу бойынша Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Түркістан және Қызылорда облыстарында және Алматы, Шымкент қалаларында жедел-тергеу іс-шараларын жүргізді. Тексеру барысында жедел-тергеу тобы 1 тонна 118 кг (3 мыңнан астам жануар) киік мүйізін алды», - делінген комитеттің ресми хабарламасында.

Мамандардың есебі бойынша, ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз әрекетінен мемлекетке 5 млрд 664,6 млн теңге шығын келген.

«ҚР Қылмыстық кодексінің 262-бабы 2-бөлігі (ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу) және 339-бабы (өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша қылмыстық топтың 18 мүшесі ұсталды, оның 9-ы сот санкциясымен қамауға алынды. Күдіктілердің барлығы – Қазақстан Республикасының азаматтары. Жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда», - деді комитеттің баспасөз қызметіндегілер.

Жоғары қарай