Ауа райы
Нұр-Сұлтан 8 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 382.38
EUR 428.30
RUB 5.97
CNY 55.39

Үкіметтік жұмыс тобы СҚО тұрғындарымен кездесті

2019 жылдың 18 сәуір 2019 19:40 690

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет мүшелері жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Үкіметтік жұмыс тобының құрамында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, Білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов бар.

Өңірге сапардың мақсаты - Елбасының жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіру.

Келген бойда Үкімет делегациясы Оқушылар сарайында көпбалалы аналармен, аз қамтылған отбасылармен, еңбек ардагерлерімен, мүмкіндігі шектеулі жандармен, мұғалімдермен, дәрігерлермен және жалпы қоғам өкілдерімен кездесті.

Халық алдында сөйлеген сөзінде ҚР Вице-премьері жаңа әлеуметтік саясаттың басымдықтары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Бүгінде мемлекет халықтың тұрмыс деңгейін көтеру үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Басты мақсат - адамдарды жұмысқа орналастыру. Сондай-ақ, ол халықтың әлеуметтік осал топтарына жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Жұмыс тобының мүшелері халықты әлеуметтік қорғау, тұрғын үй мәселелерін шешу, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін дамыту саласында жүргізіліп жатқан шаралар туралы айтып беріп, облыс тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.

Бұдан әрі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаевпен, облыс әкімі Қ. Ақсақаловпен «С. М. Киров атындағы зауыт» АҚ базасында қала, аудандар әкімдерімен, өнеркәсіптік кәсіпорындардың, бизнес құрылымдардың, кәсіподақтық ұйымдардың басшыларымен кездесу өткізді. Әлеуметтік әріптестіктің дамуын және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін ілгерілету мәселелерін қарастырғаннан кейін Гүлшара Әбдіқалықова кәсіпорындардың директорлары мен компаниялардың басшыларын жалақыны көтеріп, тұрғын үй мәселелерін шешіп, әлеуметтік пакеттерді кеңейту арқылы өздерінің табысы төмен жұмысшыларына нақты көмек көрсетуге шақырды.

Жұмыс сапарының соңында ҚР Вице-премьері еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім және ғылым министрлерімен бірлесе отырып, 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» Өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы мен «Серпін-2050» - «Мәңгілік ел жастары - индустрияға» бағдарламасы аясында еңбек ресурстарының жұмылғыштығын арттыру барысы туралы кеңес өткізді. Оған бейне-конференция байланысы арқылы мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдардың, білім беру мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ бағдарлама қатысушылары қатысты. Жобаларды іске асырудың өзекті мәселелері талқыланып, бағдарламалар қатысушыларының пікірлері тыңдалды.

Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша 1411 студент білім алып жатыр, ал «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 43 түлек өңірлік квотаға іліккен. Квота құрамына кіретіндердің барлығына жалпы 10,9 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді, оның ішінде көшіруге субсидиялар төлеу түрінде - 3,6 млн теңге және тұрғын үйді жалдау немесе сатып алу шығындарын өтеуге субсидиялар - 7,6 млн теңге.

Кеңес қорытындысы бойынша ЖОО-лар мен кәсіпорындар арасында меморандумдар жасасу арқылы түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша тығыз өзара іс-қимылдың болу қажеттілігі атап өтілді. Нарық талаптарына сәйкес сұранысқа ие кадрларды даярлауға және оқу орны бойынша түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жұмыс тобының басқа мүшелері облыстың аудандарына барды. ҚР денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов Аққайың ауданына, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов Петропавл қаласының құрылыс нысандарына барды. Олар емдеу-профилактика мекемелерін, сондай-ақ, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын аралады.

Үкімет мүшелерінің жұмыс сапары Шығыс Қазақстан облысында жалғасады.

 

 

Жоғары қарай