Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Үкіметте еліміздің МӘМС енгізуге әзірлігі қаралды

2019 жылдың 18 қараша 2019 19:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында Қарағанды облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) енгізу бойынша пилоттық жобаның іске асырылу қорытындылары қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкімет басшысының ресми сайтына сілтеме жасап.

ҚР денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы А. Жұмағұлов баяндама жасады.

Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қарағанды облысында пилоттық жоба іске асырылуда, ол МӘМС жүйесін апробациялауға және оны Қазақстанда толық көлемде енгізуге дайындалуға мүмкіндік берді. Өңірде екі айда тұрғындарды медициналық сақтандыру (192%-ға) есебінен оңалту көмегі (42,2%-ға) және қымбат зерттеулермен (КТ және МРТ) қамту көлемі артты.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККК) жаңа моделі және МӘМС пакеті 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш деңгейлі медициналық қамсыздандыру жүйесін енгізуді қарастырады.

Бірінші деңгей — ТМККК жаңа моделі мемлекет міндеттемелерінің нақты шектерін анықтайды және халықты базалық медициналық қызметтермен жалпылама қамту бойынша жалпыға бірдей танылған халықаралық стандартты жүзеге асырады.

Екінші деңгей — сақтандырылған тұрғындарға арналған МӘМС пакеті, бұл ТМККК тыс медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Үшінші деңгей — бұл ТМККК және МӘМС пакеттеріне кірмейтін медициналық қызметтер. Олар ақылы түрде немесе ерікті медициналық сақтандыру есебінен қамтамасыз етіледі.

Мемлекет халықты алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде базалық медициналық қызметтердің қажетті пакетімен (профилактикалық егулер мен медициналық тексерулер, патронаж, жүктілік кезінде қарау және т.б.) және жедел және шұғыл көмекке қолжетімділікпен қамтамасыз етуді жалғастыруда.

МӘМС енгізуді ескере отырып, жалпы алғанда 2020 жылы денсаулық сақтау саласына арналған бюджет еліміз бойынша шамамен 1,5 трлн теңгені құрайды, оның ішінде МӘМС есебінен 500 млрд теңгеден астам қаражат. Медициналық оңалтуды қоса алғанда, халықтың қажеттіліктеріне негізделген медициналық көмектің басым түрлерін қаржыландыру едәуір артады, ол келесі жылы 7 есеге және 2025 жылға қарай 11 есеге дейін ұлғаяды. Келесі жылы медицина қызметкерлерінің жалақысы дәрігерлерге 30%-ға және орта медицина қызметкеріне 20%-ға, ал 2025 жылға қарай олар қазіргі жалақымен салыстырғанда 2 есе өседі.

«Елбасы Н. Назарбаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға көшуге толық дайындықты қамтамасыз ету міндетін қойды. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев өз Жолдауында әлеуметтік медициналық сақтандыруды іске асыру мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертті. Онымен барлық қазақстандық қамтылуы тиіс. Ол үшін барлық деңгейдегі медициналық мекемелер қажетті ақпараттық жүйелерге қосылуы керек. Әрбір азаматтың деректері жаңартылуы тиіс», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр МӘМС енгізу бойынша пилоттық жобаның нәтижесін оң бағалап, Қарағанды облысының бұл тәжірибесін басқа өңірлер де ескеруі қажет екенін айтты.

Үкімет басшысы осы жылдың соңына дейін медициналық ұйымдардың МӘМС іске қосуға толық дайындығын қамтамасыз етуді, тұрғындар туралы деректердің толық жаңартылуын аяқтауды және балалар, студенттер мен үш жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеп отырған, жұмыссыз азаматтар бойынша ақпараттық жүйелердегі деректердің дәлдігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Жоғары қарай