Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.75
EUR 434.26
RUB 6.12
CNY 55.05

Үкімет мүшелері СҚО-да «Серпін» бағдарламасымен келген студенттермен кездесті

2019 жылдың 18 сәуір 2019 21:54

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік делегация мүшелері Петропавлда «Серпін-2050» бағдарламасымен оқып жатқан студенттермен және оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазір СҚО-да «Серпін-2050» бағдарламасы аясында 1,5 мыңға жуық жас білім алып жатыр. Оларға жатақхана, білім алу - тегін. Бұдан басқа, шәкіртақы алады. Ендігі мақсат - олардың осы өңірде тұрақтап қалуына жағдай жасау.

«Бағдарлама бойынша оқуға келгеніме еш өкінбеймін. Қазір өндірістік тәжірибеден өтіп жатырмын. Бізге жан-жақты қолдау бар. Оқуды аяқтаған соң осы жақта қалып, еңбек етуім мүмкін», - дейді М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Жұмагүл Серікова.

Мәлім болғандай, 2016-2018 жылдары СҚО-ға 719 отбасы көшіп келді. Биыл тағы 622 отбасы келетіні жоспарланған. Олардың 60-ы Қызылжар өңіріне қоныстанып үлгерді. Халқы тығыз орналасқан өңірлерден жұмыс күші тапшы облыстарға қоныс аударған тұрғындармен Үкімет мүшелері кездесіп, жағдайларын білді.

Маржан Балиева осыдан 5 жыл бұрын Жамбыл ауданына Оңтүстік Қазақстаннан отбасымен қоныс аударған екен. Қазір ерлі-зайыпты бюджеттік салада еңбек етеді, табыстары жақсы. Қораларындағы малдың саны 180-ге жеткен. Жақында құрылыс материалдарын шығаратын цех ашуды жоспарлап отыр.

«Басында қиналдық. Бұрын көрмеген, білмеген жерге келдік. Қиындықтың бәрін жеңе білдік. Үш балам бар. Жолдасым екеуіміз де еңбек етеміз. Жақында оңтүстікке барып, тағы 13 адамды көшіріп әкелдік. Соларды жұмыспен қамтып отырмыз. Мал басын көбейтеміз. Жайылым жеткілікті, жұмыс істеймін деген адамға қолдау бар», - дейді Жамбыл ауданының тұрғыны Маржан Балиева.

Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереевтің айтуынша, оңтүстіктен келген ағайын үшін өңірде жаңа тұрғын үйлер салынады. Қазір мыңнан аса бос жұмыс орны бар.

«Екі жылдың ішінде түрлі себептермен солтүстік өңірлерден 99 отбасы кері көшіп кеткен. Олардың облыста қалуы үшін барынша жағдай жасау қажет. Кәсібін ашу үшін тегін гранттар, шағын несиелерді беруді қарастыру керек. Баспана мәселесін де бақылауда ұстау керек», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев.

Жоғары қарай