Ауа райы
Астана 28 °С
Алматы 35 °С
валюта бағамы
USD 383.01
EUR 430.12
RUB 6.10
CNY 55.70

Үкімет басшысы: Әрбір азамат МӘМС жүйесінің қалай жұмыс істейтінін нақты білуі тиіс

2019 жылдың 18 маусым 2019 09:58 648

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Премьер-министр Асқар Мамин Үкімет отырысында міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесінің қыр-сырын халыққа терең түсіндіруді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа мемлекеттік бағдарламасы әзірленуде. Сақтандыруды тиімді түрде енгізу үшін 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында пилоттық жоба іске қосылады. Осыған байланысты біріншіден, Денсаулық сақтау министрлігіне осы жобаны іске қосуды, барлық медициналық ұйымдарды қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл тәжірибені барлық өңірлерге тарату және келесі жылдан бастап медициналық сақтандыру толық іске қосылған кезде ескеру қажет. Екіншіден, барлық өңірлерді әкімдеріне қазан айына дейін міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жобасын жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырамыз», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Премьер-министр өз сөзінде осы жобаларды дайындау аясында Атырау, Маңғыстау, Павлодар облыстарында жұмыс сапалы түрде ұйымдастырылғанын атап өтті.

«Сонымен қатар, Алматы, Ақмола, СҚО, Түркістан облыстарының әкімдері медициналық ұйымдарды техникалық тұрғыда қамтамасыз етуге және халықты бастапқы медициналық-көмек беру ұйымдарына тіркеуге ерекше назар аударуы қажет. Үшіншіден, министрлік пен өңірлер міндетті медициналық-әлеуметтік көмек бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет. Әрбір азамат мемлекет тарапынан қандай медициналық көмек тегін көрсетілетінін және әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесінің қалай жұмыс істейтінін нақты білу тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, өңірлердің әкімдіктеріне халықты медициналық сақтандырумен толығымен қамту және тізімдеу, мәртебесін нақтылау жөніндегі барлық жұмысты биылғы жылдың қазан айында аяқтауды тапсырамын. Уақыт аз қалды. Барлық мәселелерді шешу үшін жұмысқа белсене кірісу керек», - деді ол.

Асқар Мамин өз сөзінде осы мәселені қазан айында қайта қаралатынын мәлім етті.

Еске сала кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық көмек көрсетудің жаңа тәсілдерін ұсынған болатын. Оның айтуынша, бюджеттік шығындардың жыл сайын ұлғаюына қарамастан, тегін медициналық көмекті қаржыландырудың  қазіргі деңгейі халықтың медициналық көмекке өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз ете алмай жатыр. Министрліктің бағалауынша тегін медициналық көмекті қаржылық қамтамасыз ету тапшылығы тек 2017 жылы 363 млрд теңгені құраған.



null 

 

 

 

 

Жоғары қарай