Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 385.55
EUR 426.57
RUB 6.05
CNY 54.77

ҰБТ сұрақтары қалай әзірленеді – репортаж

2019 жылдың 19 шілде 2019 16:29

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығы БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Журналистер режімдік нысан болып саналатын ғимарат ішін аралап, ҰБТ сұрақтарының қалай әзірленетінін көрді.

«ҰБТ сұрақтарын әзірлеу үшін Қазақстанның түпкір-түпкірінен ең үздік пән мұғалімдерін шақырамыз. Олардың біліктілігі мен жетістіктеріне мән береміз. Қазіргі уақытта 40-45 мұғалім келесі ҰБТ сұрақтарын әзірлеп жатыр. Олар сұрақтарды көшіруге мүмкіндік бермейтін арнайы компьютерлерде 10 күн жұмыс істейді. Барлық мұғалім құпияны таратпау туралы жауапкершілікті мойнына алады», - деп түсіндірді ҚР Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Дидар Смағұлов.





Оның айтуынша, кез келген сұрақ жобасы кітапшаға енбей тұрып, екі сарапшының тексеруінен өтеді.

«Кей адамдар ҰБТ-да ақылға қонбайтын сұрақтар жүр деп айтады. Олардың бізге қатысы жоқ, оны жеке даярлық орталықтары әзірлеуі мүмкін. Біз жүз мыңдаған сұрақтарымыздың әрқайсысын қай кітаптан, қай жолдан алғанымызды көрсете аламыз. Біріншіден, сұрақты пән мұғалімі әзірлейді. Оны бірінші сарапшы тексеріп, түсініксіз сұрақтарды алып тастайды. Сосын екінші сарапшы келіп, тағы тексереді. Осылайша, сұрақтың мектеп бағдарламасынан алынуын қамтамасыз етеміз. Бірақ, жыл сайын апелляция өтінімдері азайып келеді. Биылғы шағым саны 50% төмен», - дейді орталық басшысы.





Әрі қарай бұл сұрақтар Тестілеу орталығының арнайы базасында жиналады. Оған санаулы адамдар ғана кіреді. Тіпті Білім және ғылым министрі де кіре алмайды.

«Бұл серверге кіру үшін арнайы рұқсат сұрап, себептерін көрсету керек. Оны Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарының талабымен ғана ашуға болады. Тіпті министр келсе де, кешірім сұрай отырып, кіргізе алмайтынымызды айтар едік. Жинақталған тест базадан типографияға жіберіледі. Ондағы құпиялық деңгейі тіпті жоғары. Кітапшаны шығарған, бөлген, қаптаған адамдар жіті бақылаудан өтеді. Типографияны ҰҚК-де жұмыс істейтін менің орынбасарым бақылайды және құпиялылығын қамтамасыз етеді», - деп өз сөзін жалғастырды Д. Смағұлов.

Баспадан шыққан кітапшалар нұсқалар бойынша бөлінеді. Ұлттық тестілеудің бірінші күні кітапшалардың 10-даған нұсқасы болуы мүмкін және олар екінші, үшінші күндері қайталанбайды.





«Сондықтан сұрақтарды смартфонға түсіріп алып, кейінгі лекке көмектесемін деу – әурешілік. Жыл сайын сұрақтар базасы 30 пайызы, шамамен 34 мың сұрақ жаңартылып отырады», - деді ол.

Нұсқаға бөлінген соң, кітапшаларды арнайы қарулы күзет арнайы қапшықпен өңірлердегі ҰҚК департаменттерінің ғимаратына жеткізеді.

«Қапшық тапсырыспен әзірленген пломбамен, сүргіш мөрмен және ағаш тақтайшамен бекітіледі. Бұл пломбалар нөмірленген. Тестілеу алдында, яғни таңғы сағат 7-7:30-да ҰҚК қызметкерлері қапшықтарды тестілеу орталығына жеткізеді. Қапшық үш түрлі жіппен тігілген, оны сөгіп-қайта тіксе бірден байқалады. Оның ішінен арнайы қағаз жолағы бар қорапшалар шығады. Бұл жолақты да желімнен ажыратса, қайтып жабыспайды. Осылайша, ашу фактісін әшкерелеуге болады. Комиссияның тексеруімен қораптар ашылады. Акт толтырылады. Әр қорапта бір аудиторияның тапсырмалары бар. Тапсырма кітапшалары мен жауап парақтары қағаз жолағы бар полиэтиленмен қапталған», - деді ҰТО Тестілеуді өткізуді ұйымдастыру басқармасының басшысы Роллан Серіков.





Айта кетейік, биыл Қазақстанда 117 242 түлек ҰБТ тапсырды. Биылдан бастап ҰБТ-ның төрт рет - қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында өткізілетіні бұған дейін хабарланған болатын.









Жоғары қарай