Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Уақытша Президент өкілеттігі қандай тәртіппен беріледі

2019 жылдың 19 наурыз 2019 20:28

АСТАНА. ҚазАқпарат - Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігінің мерзімі уақытша Сенат төрағасына беріледі. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған мәлімдемесінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазір Парламент Сенатының төрағасы - Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

«Оны сіздер жақсы білесіздер. Ол Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлегі, ғылым докторы. Ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгерген. Басшылық лауазымдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинады. Еліміздің сыртқы саясатының қалыптасу жылдарында Сыртқы істер министрі, Премьер-Министрдің орынбасары және Премьер-Министр, Сенат Төрағасы болды. Елімізді, оның экономикасы мен саясатын жетік біледі», - деді Елбасы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Бұл - оның дипломат ретінде сіңірген еңбегінің және Қазақстанға деген зор сенімнің жемісі.

«Ол Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол - адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін», - деп өз сөзін түйіндеді Н. Назарбаев.

Жоғары қарай