Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Түркияның экс-президенті Абдуллах Гүл: Нұрсұлтан Назарбаев - тұтас түркі әлемінің ақсақалы

2019 жылдың 25 наурыз 2019 15:48

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаев - тұтас түркі әлемінің ақсақалы. Ол өте қиын әрі маңызды шешім қабылдады. Түркия республикасының бұрынғы президенті Абдуллах Гүл арнайы сұхбаты барысында осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

2007-2014 жылдар аралығында Түркия президенті болған Абдуллах Гүл мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арасындағы жылы қарым-қатынас баршамызға мәлім. Осы кезеңде бауырлас екі елдің байланысы тереңдей түсіп, қос басшының ресми сапарлары жиі болуымен ерекшеленді. Олардың арасындағы достық Абдуллах Гүлдің президенттік қызметінен кеткеннен кейін де жалғасын тапты.

Гүл мырза қазақ елінде ұйымдастырылған халықаралық жиындарға қатысып отырған. Нұрсұлтан Әбішұлының тарихи шешімі қазақ елін ғана емес, түркі әлемін де толғандырды. Түркияның белді саясаткерлерінің қатарында Абдуллах Гүл мырза да еліміздегі өзгерістерге орай өз пікірін білдірді.

«Нұрсұлтан Назарбаевтың көкейіндегі Қазақстан тек материалдық тұрғыдан бай әдемі қалалары, әдемі жолдары бар ел емес, демократиялық-құқықтық, заңдары үстем, еркін нарық ережесімен жүретін жетістігі толассыз жаңа белестерге жетелейтін мемлекет еді. Осы мақсатқа жету үшін Тұңғыш Президент ретінде 30 жыл тынбай еңбек етті. 10 мыңдаған қазақ жасының шығыс пен батыстың алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алуына мүмкіндік берді. Қазақстанның дұрыс бағытта дамуын жалғастыра беру үшін жаңа буынға, ізбасарларына билікті берді», - Түркия республикасының 11-президенті Абдуллах Гүл.

Абдуллах Гүлдің айтуынша, жаңа басшы ретінде тағайындалған Қасым-Жомарт Тоқаев осы сенімге лайықты.

«Кейбір көшбасшылар өз бақылауында ұстап отыратын адамдарды ізбасар ретінде тағайындайды. Бұл жағдайда биліктің алмасуы іс жүзінде жүзеге аспаған болады. Ал Қазақстан жағдайында биліктің іс жүзінде асқандығы көрініп тұр. Мен де өз басым Қасым-Жомарт Тоқаевты жақсы танимын әрі құрметтеймін. Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаев мұрат еткен елге айналады деген сенімдемін. Қазір де әлемде дамыған 50 елдің қатарында. Мұнымен үздік отыздықтың қатарында енуі де алыс емес», - деді Абдуллах Гүл.

Түркі әлеміндегі ынтымақтасу үрдісінде Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызы зор. Абдуллах Гүлдің баяндауынша, Елбасы түбі бір түркі жұртының ертеңін баянды етуге бағытталған бірқатар жұмысты жүзеге асырды.

«Н. Назарбаев қазақ жастарында түркі әлемі санасын қалыптастырды. Сондай-ақ Елбасы екеуміздің бастамамызбен Түркі кеңесі құрылды. Туыс халықтардың ғылыми қауымдастығының ғылым мен білімінің дамуына жағдай жасау үшін Түркі академиясының негізі қаланды. Түбі бір түркі жұртына елеулі үлесі үшін Елбасыны түркі әлемінің дана ақсақалы деп атадық», - Абдуллах Гүл.

Айта кеткен жөн, Түрік елінің 11-президенті бірнеше жылдан бері телеарналарға арнайы сұхбат беруден бас тартқан болатын.

«Алайда Гүл мырза біздің өтінішімізді жерге тастамады. Бұл да - бір Қазақстанға деген құрметтің белгісі», - деп жазады телеарна тілшісі Меруерт Қанағат.

Жоғары қарай