Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

Түркияда Жамбыл туралы кітап таныстырылды

2020 жылдың 14 ақпан 2020 13:34

АНКАРА. ҚазАқпарат - Түркияда Мырзатай Жолдасбековтың «Жамбыл Жабаев - Ұлы даланың ақыны» атты түрік тіліндегі кітабының тұсаукесері өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Кечиорен муниципалитетінің басшысы Тургут Алтынок, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Өмероглу, ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджи, ЭкоЕуразия қауымдастығының төрағасы Хикмет Ерен, депутаттар, шетелдік дипломатиялық миссиялардың өкілдері, қазақстандық жастар және жергілікті халық қатысты.

Муниципалитеттің басшысы Т.Алтынок сөйлеген сөзінде біздің елдеріміздің бауырлас қарым-қатынастарына назар аударып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі халықтарының ынтымақтастығын дамытуға бағытталған жеке үлесін атап өтті.

Белгілі ақын туралы кітапты аударудың үйлестірушісі болып табылатын Я.Өмероглу Ж. Жабаевтың шығармашылығын зерттеуге үлкен үлес қосқан М.Жолдасбековтың шығармаларының тереңдігін атап өтті. Жазушылар одағының төрағасы кітап басып шығарғаны үшін барлығына алғыс айтып, түрік оқырмандары қазақ халқын жаңа қырынан танитындығына назар аударды.

А. Сапарбекұлы Елбасы Н.Назарбаевтың ұлттық кодты қалыптастыру жөніндегі бастамаларына назар аударып, Тұңғыш Президенттің түркі интеграциясы жолындағы нақты қадамдары туралы айтып берді. Қазақстанның мәдени дипломатия саласындағы жұмысы туралы айта келе, Елші Кечиорен муниципалитетінің екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Өз сөзінде қазақстандық дипломат тарихи-мәдени мұраны сақтау және көпшілікке тарату маңыздылығын айта отырып, мемлекет қайраткері, профессор М.Жолдасбеков еліміз үшін аса құнды тарихтардың көп қырын ашып, Ұлы даланың ақынының туындысы қазақ мәдениетінің энциклопедиясы болып табылатындығын атап өтті.

Анкара университетінің оқытушысы, доцент Джемиле Кынаджы және аудармашы Уфук Тузман қазақ әдебиеті, түркітілдес халықтар мәдениетінің ұқсастықтары және әдеби шығармаларды аудару жұмыстары туралы талдамалық баяндама жасады.

Салтанатты шара соңында «Отау» қауымдастығының орындауында Жамбыл Жабаевтың өлеңдері оқылды.



Фото: egemen.kz


Жоғары қарай