Ауа райы
Нұр-Сұлтан 26 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 378.83
EUR 430.99
RUB 6.04
CNY 55.05

Түркияда тоғызқұмалақ пен мангаладан әлем чемпионаты басталды

2019 жылдың 27 сәуір 2019 22:05 1120

АНТАЛИЯ. ҚазАқпарат - Түркияда тоғызқұмалақ пен мангаладан әлем чемпионаты басталды. Бұл туралы ҚазАқпарат Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.     

Бүгін Анталияда Тоғызқұмалақтан V Әлем чемпионаты және Мангаладан I Әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті. 4 мамырға дейін өтетін халықаралық турнирге әлемнің 16 елінен спортшылар қатысуда.

Әлем чемпионатында Румыния спортшылары тұңғыш рет тоғызқұмалақтан әлемдік аренада шеберліктерін көрсетпек. Халықаралық турнирге өз есептерінен келіп жатқан көптеген энтузиаст спортшылар тоғызқұмалақты өз елдерінде белсенді насихаттауда.

Шетелдіктердің қазақ ұлттық ойынына деген қызығушылығын Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының өкілі Батырбек Құлекеев бұл ойынның ойынның таза есепке құрылған ерекшелгімен түсіндіреді.

«Тоғызқұмалақ - бұл арифметика, тапқырлық және ой ұшқырлығы. Ойында есепке жүйрік, алғыр, жылдам ойлайтын адам жеңіске жетеді. Сондықтан, тапқырлықты, алғырлықты, есепті үйрететін бұл ойын барлығына, әсіресе, жастарға керек», - дейді  Құлекеев.

Қатысушыларға тоғызқұмалақ федерациясы вице-президенті профессор Жан Решитский сәттілік тіледі.

Мангала федерациясының президенті Рауф Озген мангаланың түбі мыңжылдық тарихы бар тоғызқұмалақтан тарайды есептейді. Оның айтуынша, бірге күш жұмылдыру әр елдің өздерінің ұлттық зияткерлік ойындарын дамытуға және олардың алдында тұрған мәселелерді бірлесе шешуге мүмкіндік береді.

Ашылу салтанатына Қазақстанның Анталиядағы Консулы Арман Нарбаев қатысты. Қазақстандық команда 10 спортшыдан тұрады, олардың арасында сегіз дүркін әлем чемпионы Әсел Далиева, үш дүркін әлем чемпионы Хакімжан Елеусінов, үш дүркін әлем чемпионы Серік Ақтаев, әлем чемпиондары - Ғалымжан Темірбаев, Салтанат Сапарбекова, үміт артатын жас таланттар - Гүлжанат Алдабергенова,  Саят Жандарбек, Аружан Абдыханова бар. Чемпионат ерлер және әйелдер арасында жеке-жеке классика, рапид, блиц бойынша өтуде.

Айта кетсек, тоғызқұмалақтан тұңғыш әлем чемпионаты 2010 жылы Астана қаласында өткізіліп, 16 елден спортшылар қатысқан. 

 

 

Автор: Қанат Мәметқазыұлы
Басты сөздер: Түркия, Спорт,
Жоғары қарай