Ауа райы
Астана -23 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 387.16
EUR 428.47
RUB 6.08
CNY 55.13

Түркістандық жас мемлекеттік бағдарламалардың арқасында кәсібін дөңгелетіп отыр

2019 жылдың 22 қазан 2019 21:18

БӘЙДІБЕК. ҚазАқпарат – Түркістан облысына қарасты Бәйдібек ауданында жас жігіт «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының арқасында кәсібін дөңгелетіп отыр. Ұлан Айтымбетов мемлекет тарапынан жеңілдетілген пайызбен әрі кепілсіз берілетін қаражатқа май ауыстыру мен автокөлік дөңгелегін желімдеу бекетін ашқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бәйдібек ауданында кәсіп ашып, несібемді табамын деген жастарға оқу-тәжірибелік те, қаржылай да көмек көрсетілуде. Ұлан Айтымбетов мемлекеттің осындай жеңілдігін пайдаланып, бүгінде өз кәсібін жүргізіп отыр. Ол жоғары оқу орнында сырттай оқи жүріп, май ауыстыру бекеттерінің бірінде жұмыс істейді. Сөйтіп болашақ кәсібіне деген қызығушылығы оянып, жоспар құрған. Дипломы қолға тиген соң, Шаян ауылында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысқан. 2012 жылы май ауыстыру мен автокөлік бекетін ашып, кәсібін бастаған.

«Екі жылдай уақыт өткен соң, аудан орталығында «Кәсіпкерлік мектебі» ашылды. Облыс орталығынан арнайы мамандар келіп, дәріс жүргізе бастады. Мен де сол мектептен кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, қолыма сертификат алдым. Келесі жоспарым - кәсібімнің аясын кеңейту мақсатында қаржы көлемін арттыру еді. Сонымен «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» банкінен төменгі пайызды несие алып, қажетті техникаларға қол жеткіздім. Бірнеше жасты жұмыспен қамтыдым. Май ауыстыру мен автокөлік дөңгелегін желімдеу бекетін ретке келтіріп, заманауи құрылғылар сатып алдым», - дейді жас кәсіпкер. Осы жылдың маусым айында Ұлан Айтымбетов «Ырыс» МҚҰ» ЖШС арқылы жеңілдетілген пайызбен, кепілсіз беріліп отырған 2 млн теңгенің сертификатына ие болған. Жас кәсіпкер бұл ақшаға да көлік қызметтерін одан әрі ауқымды түрде кеңейтіп, елдің игілігі жолында жұмыс істемек. Осылайша еңбектің көзін тауып, бүгінде көпшіліктің ықыласына бөленіп жүр.

Жоғары қарай