Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Түркістанда бұзақылар такси жүргізушісін ұрып-соғып, жүк салғышына қамап қойған

2019 жылдың 18 қазан 2019 22:56

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістанда такси жүргізушісін ұрып-соғып, тонап кеткен күдіктілер ұсталды. Тергеу барысында сезіктілердің күш көрсетуден бөлек жәбірленушіні көліктің жүк салғышына қамап қойғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жәбірленуші жігіт полицияға хабарласқан. Ол өзін белгісіз адамдар тобының ұрып соғып кеткендігі туралы айтып, арызданады. Тәртіп сақшылары такси жүргізушісін жақын маңдағы үйлердің біріне жасырынып қалған жерінен тапқан. Жәбірленуші жол бойында тұрған жігіттер оны тоқтатып, айтқан жеріне жеткізіп салуын сұраған. Таксист оларды мінгізіп алып, мекенжайға жеткенде өзін жабылып, ұрып соққан. Одан соң 80 мың теңгелік ұялы телефоны мен 17 мыңнан астам теңгесін алып қойып, көліктің жүк салғышына салып қойған болып шықты. Біршама уақыт бойы көлікті жүргізіп, мазақ еткені анықталды. Жәбірленуші көлік тоқтаған сәтте жүк салғыштан қашып шығып, бірден полициядан көмек сұраған. Қазіргі таңда бұзақылардан таяқ жеген жігіт емханада ем қабылдап жатыр. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалған.

«Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы «Тонау» және 200-бабы «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша тіркеуге алынып, қылмыстық іс қозғалды. Жедел іздестіру шараларына қалалық полиция басқармасынан тәжірибелі полицейлер тартылды. Күдікті болған бес адамның үшеуі қамауға алынды. Ал қалған екі күдіктіге іздеу жарияланды. Түркістан қалалық полиция басқармасы тергеушілерімен тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ тергеушілер бұл істің әлі де басқа тұстарының ашылуы мүмкіндігін айтуда», - делінген хабарламада.

Жоғары қарай