Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Түркістанда алғаш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық форум өтті

2019 жылдың 22 қараша 2019 15:34

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы үздік халықаралық тәжірибелер» тақырыбында Түркістанда алғаш рет «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық Түркістан форумы» өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараны 9 желтоқсан «Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне» орай ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасы бойынша Түркістан облысы әкімдігі және Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ бірлесіп ұйымдастырды.

Форумға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев, Мемлекеттік қызмет саласындағы Астаналық Хабты басқару комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, «Transparency Kazakhstan» ұйымының атқарушы директоры О.Шиян, республикалық арнайы мониторингтік топ басшысы А.Соловьева, республикалық «Адалдық алаңы» жобалық кеңсе жетекшісі М.Қарғабай, АҚШ, Түркия, Әзірбайжан, Түрікменстан елдерінен келген уәкілетті органдарының өкілдері, ғалымдар, министрліктердің жауапты хатшылары, әдеп жөніндегі уәкілдер, қала/аудан әкімдері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен облыстық құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.




Халықаралық форум қазақ болмысында ертеден қалыптасқан асыл қасиеттер - «Адалдық. Парасаттылық. Әділдік. Сенім» тақырыбында арнайы дайындалған бейнероликпен ашылды.

Жалпы саны 700-ге жуық адамды қамтыған форум барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінің озық тәжірибелері талқыланып, жүзеге асырылып жатқан тың жобалар мен тиімді әдіс-тәсілдер талқыланды.

Бұл жиында алғашқы болып сөз сөйлеген облыс әкімінің міндетін атқарушы Ұлан Тәжібаев «Елбасының тарихи шешімімен жаңа облыс болып құрылған Түркістан жерін жемқорлықтан азат етіп, адалдықтың мекеніне айналдыруда бүгінгі Халықаралық форумның тигізер үлесі зор» деп, өзінің пайымды ой-пікірін білдірді.




Форумға арнайы келген АҚШ, Түркия, Әзербайжан және Түрікменстан елдерінен келген уәкілетті органдар өкілдері өз елдеріндегі, ал халықаралық сарапшылар мен үкіметтік емес ұйым мүшелері Қазақстандағы үздік тәжірибелермен бөлісіп, тұшымды ойларын ортаға салды.

Қатысушылардың пікірінше, бүгінгі форум сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға тың серпін беретін диалог алаңына айналды.

Қоғам індетімен қарқынды күресудің жолын қаузаған форум соңында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті қызметкерлерінің және департамент қамқорлығындағы Арыс қаласындағы «Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының» тәрбиеленушілерінің қатысуымен түсірілген «1424» көркем фильмінің алғашқы көрсетілімі жиынға қатысушылар назарына ұсынылып, көрермен көңіліне терең ой салды.




Бұл форум алдағы уақытта да еліміздің рухани астанасында өз жалғасын тауып, шетелдік сарапшылардың белсене қатысуымен тұрақты түрде өткізіліп тұратын болады.

Бүгінгі өткен халықаралық форум түркі жұртшылығының түп қазығына айналған тарихи өлкені жемқорлық кеселінен арылтып, өркениет ошағына айналдыруға бірден-бір негізгі қадам болмақ.




















































Жоғары қарай