Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 386.30
EUR 428.14
RUB 6.08
CNY 54.87

Түркістан облысындағы Үкаша ата кесенесінде музей ашылды

2019 жылдың 13 қараша 2019 16:29

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысындағы Үкаша ата кесенесінде «Үкаша ата тарихы» музейі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қарамағына діни-рухани ескерткіш ретінде тізімге алынған кесенедегі музейге Құран кітаптар мен Үкаша атаға қатысты аңыз әңгімелер, суреттер, шежірелер қойылды.

Тарихи құндылықтар мен шежірелер сыр шерткен музейдің лентасын «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков пен Түркістан қаласының Құрметті азаматы Толқын Құдайбергенұлы, қалалық аксақалдар алқасының мүшесі Бектас Шіркбаев қиды.




«Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Музей экспонаттары дәуірлердің қандай да бір кезеңіндегі әртүрлі шаруашылық салаларының даму үдерісін көрсетеді», - деп атап өткендей, Үкаша ата музейі де елімізде ислам дінінің таралу кезеңінен сыр шертеді.




«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің алға қойған мақсатының бірі - Үкаша ата кесенесінде музей ашып, төл жәдігерлер мен тарихын тереңінен насихаттау болатын», - деді қорық-музейдің орынбасары Мұрат Тастанбеков.

Айта кетейік, жаңадан ашылған музейден VІІ-ІХ ғасырларға тән құмыралар мен VІІ –ХІІІ ғасырларға тән диірмендерді, XIX-XX ғасырларға жататын мыс құмғандар мен тағы да басқа жәдігерлерді кездестіруге болады. Үкаша ата кесенесін қалпына келтіріп, айналасын абаттандырған алғашқы шырақшы Кәміл қары мен оның жәрдемшісі Атажанның суреттері, өлкенің тарихынан сыр шертетін археологиялық жәдігерлер мен музей жанашырларының сыйға тартқан көне әшекей бұйымдары, тарихи кітаптар қойылған.

«Кәміл қары мен Атажан атамыз осы жерге түнеп, моланың үстіне асармен үлкен кесене тұрғызған. Осы жерге тал егіп, бұлақтың суымен айналаны көгертіпті. Ол 1947 жылдың басы болатын. Біз де көмек беріп, аталарымызға қолғабыс жасағанымыз есімде. Көмекке көп адамдар келді. Аттылы, жаяулы адамдар қона жатып, көмектесіп, әрі зиярат жасайтын», - дейді Кәміл қарының ұрпағы Толқын Құдайбергенұлы.

Музейдің ашылу салтанатында Үкаша сахаба өмір сүрген кезеңнен көрініс беретін құнды жәдігерлерді Ақтау, Алматы, Қостанай өңірінен келген зияратшылар да тамашалады.










Жоғары қарай