Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 386.19
EUR 427.71
RUB 6.07
CNY 54.87

Түркістан облысындағы медицина мекемелері міндетті медсақтандыруға толық дайын

2019 жылдың 19 қараша 2019 17:28

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының медициналық мекемелері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға толық дайын. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен шұғыл штаб отырысында облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшылығы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаевтың төрағалық етуімен өткен жиын барысында өңірдегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық барысы талқыланды. Жаңа жүйе келер жылдан бастап толық күшіне енетін болады. Жиын барысында кей аудандарда бұл мәселе бойынша халық арасында түсіндірме жұмысының жеткіліксіз екендігі айтылды.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әр жұмысшы табысының 1% ай сайын сақтандыру қорына аударатын болады. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының мәліметінше, жаңа жүйемен облыс халқының 82 % қамтылған.

Бейресми, жалдамалы жұмыскер, тұрақты табысы жоқ азаматтар әлеуметтік сақтандыру қорына ай сайын 2 525 теңге аударым жасауы қажет. Аудан және ауыл тұрғындары үшін жарна мөлшері екі есе аз. МӘМС жүзеге асқаннан кейін тегін медициналық көмек тоқтап қалмайды, дейді мамандар.

Жаңа жүйенің артықшылығы - консультативтік-диагностикалық көмек, соның ішінде қымбат бағалы зертханалық қызмет түрлерін, сырқаттарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық оңалту және пациент денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлерін қамтиды.

Ал, балалар мен зейнеркерлер, ҰОС ардагерлері, көпбалалы аналар, мүгедек жандар мен сот үкімімен жазасын өтеушілер үшін медициналық сақтандыру қоры мемлекет тарапынан қаржыландырылады.

Жоғары қарай