Ауа райы
Нұр-Сұлтан 9 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 380.56
EUR 430.15
RUB 6.02
CNY 55.55

Түркістан облысында су тасқынынан келер қауіп жоқ

2019 жылдың 3 сәуір 2019 20:43 711

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында су тасқынынан келетін қауіп жоқ. Өңірдегі сел жүруі мүмкін аймақтардың барлығы тұрақты бақылауға алынған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыс бойынша төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрғали Жүнісов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның сөзінше, аймақтағы су қоймалары мен өзендердің су режиміне күнделікті мониторинг жасалып отыр.

«Облыс аумағында тасқынға қарсы іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Сырдария өзенінен бастау алатын каналдардың бас тоспасы бекітілді. Оған 50 мың қап құм, 30 тонна ЖЖМ, 584 шатыр, 4622 керует, 36 мың адамға арналған төсек орын дайындалды. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 5,2 шақырымдық өзендерде жаға бекіту және арна түзеу жұмысы жүргізіліп, 14 шақырым қорғаныс бөгеті тұрғызылды. 24 шақырымнан астам каналдар мен 7,2 шақырым дренажды жүйелер механикалық тазартудан өткізілді. Сырдария өзенінің жағалауындағы 20 елді мекендегі құлақтандыру жүйесіне 120 млн теңге бөлініп, жаңартылды», - деді департамент басшысы.

Жалпы облыс бойынша су қоймаларының орташа толуы 55-60%-ды құрайды. Тасқын суды қабылдауға жеткілікті қор бар, ал өзендердегі судың өтуі орта деңгейден төмен.

Облыс аумағында су тасқыны жағдайы Сырдария өзенімен тікелей байланысты болғандықтан ол қатаң бақылауға алынған. Бүгінгі таңда өзеннің арнасында судың ағысы қалыпты, жағалаудағы елді мекендерге қауіп жоқ. Ал, таудағы жиналған қар қоры нормадан төмен, аумақтың жазық жерлерінде қар жоқ.

Айта кетейік, 2017 жылы жоспарланған 42 іс-шара толық аяқталған. Былтыр жоспарланған 40 іс-шараның 31-і толық аяқталып, 9-ы 2019 жылдың жарты жылдығында іске асырылады. Ал, 2019 жылы өткізілетін 16 іс-шараға облыстық бюджетінен 990 млн теңге қаралған.

 

 

 

 

 

Жоғары қарай