Ауа райы
Нұр-Сұлтан 24 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 378.01
EUR 420.88
RUB 5.84
CNY 54.64

Түркістан облысында баспанасыз қалған көпбалалы анаға жергілікті билік көмектеспек

2019 жылдың 17 қаңтар 2019 18:10 611

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысына қарасты Мақтарал ауданында бес баласымен баспанасыз қалған келіншек Түркістан қаласына келген. Көше кезіп, кімнен көмек сұрарын білмей жүрген ананың жағдайы әлеуметтік желілерге тез тарап кеткен болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан қаласы тұрғындарының бірі Жансая Шорабекова кеш түскенде Ясауи кесенесі маңында сенделіп жүрген балалы әйелді көріп, үйлеріне паналатқанын әлеуметтік желідегі парақшасына жазған еді.

Оның айтуынша, жүзінен тағдыр тауқыметін әбден тартқан жас келіншек бес баланың анасы болып шыққан. Жанар Орақбаева Мақтаарал ауданының Славянка ауылынан облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа жолығуға арнайы келген. Сегіз сағат жол жүріп, Түркістанға әрең жеткен әйел көшеде жүріп нәр татпапты. Қолындағы ұлы да әбден қалжыраған.

«Күйеуім 8 ай бұрын жол апатынан қайтыс болды. Пәтер жалдап тұратын едік, ақысы төленбеген соң шығарып жіберді. Қазір барар жерім, мекендер баспанам жоқ. Кейде балаларыма ішер ас тұрмақ, суға жібітіп берер қатқан нан таппай қаламын» деп еңірегенде етегі толады.

«Қиналған соң қаңғып кеттім ғой. Балаларды балалар үйіне өткізсем бе? деп те ойлаймын. Аштан қатсақ, обалын кім көтереді? Төрт қыздан соң көрген ұлымның жүрегінде ақау бар. Күйеуімнің жалғыз тұяғы ғой деп, тапқанымды осы баланың еміне жұмсаймын. Кіші қызым мектепке жыртық етікпен бармаймын, бәрі мазақтайды деп жыласа, одан үлкені қиналғанымды көріп «мама, бізді тумай-ақ қоймадыңыз ба» деп мұңаяды. Бірде өмірден түңіліп кетіп, ызамен сіркесу ішіп қойдым. Аман қалдым. Қайсы бірін айта берейін? Бүгін жұмыс уақыты аяқталғанда жетіппін. Ертең жолығатын шығармын»,- деп бес баланың анасы мұңын шаққан.

Бұл жайттан хабардар болған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бүгін тиісті органдар мен басшыларға тапсырма бергені мәлім болды. Бұл туралы облыстық Ішкі саясат басқармасы мәлім етті.

«Бүгін, яғни 17 қаңтар күні облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасы бойынша Жансая Шорабекова мен көпбалалы ананы облыс әкімінің орынбасары Отарбаев Мәлік Нұржанұлы қабылдады. Бір отбасының жай-күйіне қаныққан Мәлік Нұржанұлы тиісті шаралар жасайтынын алға тартты. Анықталғандай, азаматша Орақбаева Жанар Асқарқызы Қазақстан азаматы болып табылмайды. Сол себепті де мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектерге қол жеткізе алмай отыр. Жары қайтыс болғандықтан, қазіргі таңда 5 баласын асырау қиынға түскен. Сондықтан да бұл мәселемен тиісті орындар мен Мақтаарал ауданының әкімдігіне нақты тапсырма берілді. Ең алдымен, аудан әкімдігі анаға тиісті материалдық көмектер беріп, азық-түлік және киім-кешекпен қамтамасыз ететін болады. Бұл тұрғыда демеушілер де өз көмектерін беруге дайын.

Облыс әкімі Мақтаарал ауданы мен аудан әкімі Бақыт Асановқа анасы мен бес баласына құжат жасау рәсімін жеделдетуді тапсырды.

«Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 26 маусымдағы №856 Қаулысында көрсетілген талаптарға сәйкес, азаматтықты алған соң Ж. Орақбаева көп балалы отбасы және толық емес отбасы санаттары бойынша үй кезегіне тұра алады. Көп балалы ананың жай-күйі облыс басшылығының тұрақты назарында болады», делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Мақтаралдық келіншектің науқас баласына Түркістандағы ХҚТУ клиникасы басшылығы тегін медициналық көмек көрсетуге дайын екендіктерін жеткізген. Әлеуметтік желі қолданушылары да қарап қалмай, қолдан келген көмектерін жаудырды. Осылайша Жанар Орақбаева жаны жомарт азаматтардың қаржылық көмегін алып, өз ауылына қайтты.

 

 

 

Автор: Айнұр Ақбаева
Басты сөздер: Түркістан облысы, Оқиға,
Жоғары қарай