Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 439.01
EUR 474.61
RUB 5.75
CNY 61.91

Түркістан облысында 670 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі

2020 жылдың 27 ақпан 2020 21:17

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – 2019 жылы Түркістан облысында 620,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл - 5879 пәтер. Ал биыл қаржыландырудың барлық көздері арқылы 670 мың шаршы метр баспана тапсыруды жоспарлануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиев мәлім етті.

Сонымен қатар, 2019 жылы 198 инвестициялық жоба іске асырылып, 100-і пайдалануға берілген. 98 нысан құрылысы 2020 жылға өтпелі. Өткен жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында 111 нысанның құрылысы жүргізілді. Атап айтқанда, 64 тұрғын үй, 24 кредиттік тұрғын үй, 23 инженерлік инфрақұрылым нысаны.

«Басқарманың ағымдағы жылғы жоспары - 70 жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу, 117 инвестициялық жобаны жүзеге асыру, оның ағымдағы жылы 81-ін пайдалануға беру жоспарланса, 36 нысан құрылысы 2021 жылға өтпелі болады. Бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру бойынша 2020 жылы облыста 30 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 28 нысан пайдалануға тапсырылады. Облыс бойынша 2020 жылдың 1 қаңтардағы есебімен 37 084 отбасы тұрғын үй кезегіне тіркелген, оның ішінде: көпбалалы отбасы - 6522, осал топқа жататындар – 18 834», - деді Тоқтар Үсіпәлиев.
Түркістан қаласын дамыту бойынша ағымдағы жылы 2020 жылдың қыркүйек айында әкімшілік-іскерлік орталығында қалған 11 нысанның құрылысы пайдалануға тапсырылатын болады. Атап айтқанда, басқармалар ғимараты, департаменттер ғимараты, Конгресс орталығы, Медиаорталық, Нұр-Сұлтан алаңы, Оқушылар сарайы, стадион, Цифрлық кеңсе, бассейні бар спорт кешені, Смарт-сити байланыс желілері, аттракциондары бар қалалық саябақ.
Сонымен қатар, қазір Дендросаябақ, Бульвар, 900 орындық мектеп және 7 инженерлік инфрақұрылымның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Рухани-мәдени орталықта қалған 4 нысанның құрылысы толық аяқталып, пайдалануға тапсырылатын болады. Атап айтқанда, драма театры; Ғылыми-әмбебап кітапханасы; Ұлы дала елі орталығы; Қ.А.Ясауи мұражайы. Сондай-ақ, «Ұлы Жібек жолы» қолөнер шеберлер орталығы, Тұңғыш Президент саябағы, Н.Назарбаев аллеясы (Арбат) және Керуен сарай кешенінің құрылысы жүргізілуде.




Жоғары қарай