Ауа райы
Нұр-Сұлтан 16 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 382.38
EUR 428.30
RUB 5.97
CNY 55.39

Торғайдағы су тоғанында балық қырылып қалды

2019 жылдың 19 сәуір 2019 21:17 924

ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Қостанай облысы өзендеріндегі балықтардың қырылуы техногендік емес, табиғи сипатқа ие. Мұндай мәліметті ҚазАқпарат тілшісіне облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының балық шаруашылығы бөлімі басшысы Таңат Смаилов айтып берді.

Бүгінде Жангелдин ауданындағы Қабырға, Сарыкөл ауданындағы жасанды су тоғанында және Қостанай қаласындағы «Тарелка» су тоғанынан барлығы 400 келіден астам өлі балық шығарылған. Қазір жағдай қатаң бақылауға алынды.

«Балықтардың қырылу дерегі туралы БАҚ түрлі алып-қашпа деректер тарады. Негізі бұл жағдай 10 сәуірден бастап болған. Алдымен, «Тарелка» су тоғанына Қостанай қаласының ветеринария бөлімінің қызметкерлері барды. Өлі балықтарды жағаға шығаруға біз ТЖД авариялық-құтқару қызметінің жасағын тарттық. Барлық мөңке балығы Беккер шұңқырында өртеу жолымен жойылды, бұл туралы акт бар. Шығынның жалпы салмағы 28 келіні құрады. Айта кетейік, бұл тоған 2015 жылы қала әкімдігінің балық шаруашылығы су айдындарының тізімінен алынып тасталған», - деді Таңат Смаилов.

Сондай-ақ, Сарыкөл ауданы Тағыл ауылының маңындағы су айдынында балықтардың қырылу жағдайы тіркелді. Бұл аумаққа Таңат Смаилов экология департаментінің қызметкерлерімен бірге барған. Оның барысында экологтар су сынамасын алды. Нәтижелер әлі белгісіз. Су айдынынан жиналған балықтардың салмағы - 18 келі. Бұдан бөлек қазаншұңқырлардан тағы да 13 келі өлі балық шығарылды.

 Таңат Смаиловтың сөзінше, Жангелдин ауданындағы балықтардың мұз үстіне шығып кету фактісі осы жылдың ақпан айында тіркелген. Қабырға өзеніне табиғатты қорғау полициясы жұмылдырылған.

«Бастапқыда жаппай қырылу фактілері анықталған жоқ. Тек өзен жағасында қатып қалған балықтарды шығарып, өртедік. Сараптама үшін су сынамасы алынды, алынған нәтижелер зертханаларға жіберілді. Алайда, оның жауабында зат концентрациясы балық үшін қауіпті емес екендігі көрсетілген. Ал сәуір айында Қабырға өзенінен 340 келіге жуық өлі балық сүзілді. Жалпы, өңірдегі балықтардың қырылуы техногендік емес, табиғи сипатқа ие. Ақпан айында Қабырға өзеніне тексеріс жүргізілгенде, мұз қалыңдығының 1 метр, оның үстіндегі қар жабындысы 45-50 см екені анықталды. Демек, мұздың осынша қалыңдығы су астына күн сәулесінің түсуіне кедергі. Яғни, өсімдіктер фотосинтез процесінен өтпейді. Оның салдары суда оттегінің азаюына алып келеді», - дейді бөлім басшысы.

Қазір қадағалау жұмыстары ұдайы жүргізіліп отырады.  Айына 40-45 су тоғаны тексеріледі. Бүгінде Қостанай облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес, жергілікті маңызы бар 802 балық шаруашылығы су тоғандары тіркелген. Оның ішінде 150 табиғат пайдаланушыға балық шаруашылығын жүргізу үшін 228 су қоймасы бекітілген. 574 су қоймасы резервтік қорда.

Өткен 5 ай көлемінде бөлім қызметкерлері 17 мыңнан астам шара іске асырған. Олардың басым бөлігі судағы оттегіні байытуға бағытталған. Таяз тоғандарға қамыстар орнатылып, 185 мың текше су қайта құю, алмастырып-ауыстыру процесінен өткен. Тұрғындардан шағым түскен жағдайда жоспардан тыс  тексеру жұмыстары да жүргізіліп отырады.

 

 

Жоғары қарай