Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Толағай күшімен Қытай армиясының күрес командасына қабылданған қазақ балуаны - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

2019 жылдың 25 мамыр 2019 11:26

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақстандағы көне үш қала тарихы туралы жазылған шығармалар қытай тілінде жарық көреді - «Жэньминь жибао» (People Daily)

Қытайдың «Шиншиң» баспасы мен Қазақстан Жазушылар одағы «Жібек жолындағы жүз қала аңызы» жобасының аясында қазақ авторларының шығармаларын қытай тілінде шығару туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn сайты.



null

Аталған дереккөз жазуынша, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Бейжің қаласындағы іс-сапар барысында, «Шиншиң» баспасының Президенті Ма Ружүнмен кездескен. Онда «Жібек жолындағы жүз қала аңызы» жобасының аясында Алматы, Тараз, Түркістан қалаларының тарихы туралы жазылатын қазақ авторлары шығармаларының қытай тілінде жарық көруі туралы келісімге қол қойылған. Аталмыш жоба аясында Кәдірбек Сегізбайдың «Алматының «Алтын адамы», Несіпбек Дәутайдың «Көне Тараздың тарихи көмбелері», Мархабат Байғұттының «Түркілер төрі - Түркістан» атты тарихи көркем шығармалары тәржімаланып, басылып шығады.

««Жібек жолындағы жүз қала аңызы» кітап сериясы «Бір белдеу, бір жол» аясындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жоба. Жібек жолының бойында орналасқан тарихи құндылыққа, маңызға ие көне қалалардан жүз қала таңдалып алынып, оның шежірелі болмысын, тарихи мәнін жан-жақты сараптап, әдеби көркем тілмен баяндап жазып шығару қолға алынған. Бұл жоба қазіргі күнігі «Жібек жолы» бойында тұрған мемлекеттердің өзара мәдени-гуманитарлық, тарихи -танымдық байланыстарын нығайтуға септігін тигізеді. Кітап шығаруды қолға алған «Шиншиң» баспасы шет тілдердегі әдебиеттерді басып шығаратын және тарататын ҚХР Әкімшілігінің мемлекеттік баспа үйі. Бұл баспа орталығы жылына қытай, ағылшын, орыс, испан, француз, жапон, кәріс, неміс, араб сынды көптеген тілдердегі түрлі жанрдағы 230 түрлі кітапты басып шығарады», - деп жазады «Жэньминь жибао» сайты.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Бейжің қаласындағы іс-сапар барысында 40 мемлекеттен екі мыңдай әдебиет, мәдениет пен өнер қайраткерлерінің қатысуымен өткізілген «Азия - өркениеттер диалогы» атты ірі халықаралық конференцияға қатысып, сөз сөйлеген.

Президент Ердоған Түрік Кеңесі бас хатшысы Бағдат Әміреевті қабылдады - TRT

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Түрік Кеңесі бас хатшысы Бағдат Әміреевті қабылдады, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия мекемесінің ресми порталы.



null

«Ердоған түркі әлемінің бірлігіне әрқашан көңіл бөлгендерін атап көрсетіп, Түрік Кеңесінің басқа ел және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығын нығайтуының маңызды екенін айтты. Ердоған Әзербайжанда өтетін келесі саммиттің дайындықтарын да жақыннан бақылап отырғанын жеткізді. «Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының жеке басына халықаралық ұйым ретінде қызметін жалғастыруын қалаймыз. Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы ТҮРКСОЙ -дың арнайы мәртебесін сақтап, қазіргі күйімен Анкарада қалуын орынды деп есептейміз» деді президент.

Ердоған Нұр-Сұлтандағы Халықаралық Түркі академиясы мен Бакудегі Түрік Мәдениет мұрасы қоры жөнінде Қазақстан мен Әзербайжанның ұсыныстарына қолдау беруге дайын екендерін айтты.

Түркия президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың лидерлігінің әрі Қазақстанмен екі жақты қарым-қатынастардың нығайтылуында, әрі Түрік Кеңесінің құрылып, дамуында үлкен рол ойнағанын атап көрсетті.

Қазақстан Иранмен ынтымақтастығын кеңейтуді көздейді - «Фарс» ақпарат агенттігі

Ирандағы Қазақстан елшісі Теһран-Нұр-Сұлтан экономикалық ынтымақтастығын кеңейтуді қуаттады, деп хабарлайды parstoday ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Ирандағы Қазақстан елшісі Асхат Оразбай баспасөз мәслихатында сөз сөйлеп, екі елдің экономикалық ынтымақтастығын кеңейтуде мүмкіндіктердің әлі де болса мол екенін айтқан. «Иран мен Қазақстан әртүрлі салалардағы өзара ынтымақтастықтарын арттыра алады. Екі елдің ұлттық валютасын пайдалану өз ара экономикалық ынтымақтастықтарын кеңейтуге себеп бола алады. Сондай-ақ банк мәселелерін шешу үшін екі елдің арасында жаңа механизм іске қосылуы керек. Иран мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы өткен алты жылда бес есе артып, 400 миллион доллардан 2 миллиард долларға жетті»,- дейді Ирандағы Қазақстан елшісі Асхат Оразбай .



null

Толағай күшімен Қытай армиясының күрес командасына қабылданған қазақ балуаны - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)



null

Қытайлық kazakcnr.com сайтында Бейжіңдегі Қытай халық-азаттық армиясының күрес командасының білікті балуаны, Қытайда тұратын қандасымыз Мұратбек Шайсұлтанұлымен болған сұхбаты жарық көрді.



null

Аталған БАҚ-тың жазуынша, грек-рим күресі бойынша 130 кг салмақ дәрежесінде белдесетін, таусоғар балуан қандасымыз Қытай мемлекетінің ішіндегі әскери-спорттық ойынында және әлем чемпионаттарында сан мәрте жүлделі орындарды қанжығалаған екен.



null

«Мен 1992 жылы Қытай Халық Республикасы, Алтай Аймағының Қаба ауданында туғанмын. Бала күнімнен спортқа бейім болып өстім. 2008 жылы Алтай аймағындағы жарыста жүлделі орынға ие болып, көзге түстім. 2009 жылы Шыңжаң өлкесінің күрес командасына қабылдандым. Ал, 2010 жылы Қытай чемпионатында 2-ші орын алдым. Осыдан кейін Бейжіңдегі Қытай халық-азаттық армиясының күрес командасына сынақтарынан сүрінбей өтіп, қабылдандым. 2013 жылы Иранда өткен Дүниежүзілік әскери-спорттық ойында, тұңғыш рет үлкен додада бақ сынап, боз кілемге шықтым. Онда 3-ші орынды қанағат тұттым. Қазіргі күнге дейін боз кілемнен түскен жоқпын. Ел ішінде де Қытайдың халық-азаттық армиясының арасында өтетін түрлі спорттық чемпионаттарда жүлделі орындарды қанжығалап жүрмін. Ал, биылғы жылы қыркүйек айында Қытайдың Ухан қаласында өтетін Дүниежүзілік армия ойындарына қатысуды жоспарлап, осы әлемдік аламанға тыңғылықты дайындалып жатырмын», - дейді сұхбатында Мұратбек Шайсұлтанұлы.



null

Өзбекстанда Қазақстан банкінің филиалы ашылады - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Өзбекстан Республикасының Орталық банкі басқармасы, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның еншілес ұйымы «Tenge Bank» акционерлік коммерциялық банкіне, Өзбекстан аумағында банк операцияларын жүзеге асыруға лицензия берді, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ Өзбекстандағы филиалын ашуға ниет білдірген алғашқы қазақстандық банк болып отыр. Банктің Ташкенттегі қаржылық ұйымының филиалы - Tenge Bank атауымен жұмыс істейді. Қазақстандық банктің қазіргі таңда ТМД аумағында Ресей, Қырғыстан, Грузия, Тәжікістан елдерінде өз бөлімшелері бар. Енді олардың қаратына Өзбекстанда енді. Бүгінде Өзбекстанда 28 комерциялық банк жұмыс істейді. Екінші дәрежелі банктердің жалпы активтері 194,6 трлн сум немесе 24,1 млрд долларды құрайды. Қазіргі уақытта Өзбекстан аумағында шетелдік банк капиталының қатысуымен бес банк қызмет көрсетіп келеді»,- деп жазады ӨзА» ақпараттық агенттігі.



null

Автор Бақытжол Кәкеш
Басты сөздер: Әлем, БАҚ,
Жоғары қарай