Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 389.52
EUR 429.21
RUB 6.07
CNY 54.94

Тоқаев қоғамдағы мәселелерді терең түсінетінін ұқтырды - Бақытжан Жұмағұлов

2019 жылдың 12 маусым 2019 17:07

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде айтқан сөзіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз Президенттің таныстырылуы секілді маңызды іс-шараға қатысып отырмыз. Бұл - биліктің бейбіт түрде берілуі. Халық Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс беріп, өз көзқарасын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөз сөйлеуінде бірнеше негізгі бағыттар нақты айтылды. Бұл, ең алдымен, адамдарға қамқорлық дер едім. Президент қоғамымызда бар мәселелерді, қиындықтарды терең түсінетінін ұқтырды. Әңгіме адамға қамқорлық, оны жұмысқа орналастыру туралы айтылып отыр. Екіншіден, денсаулық жағдайына байланысты еңбек ете алмайтын адамдарға қамқорлық көрсетілмек. Ең бастысы - адам капиталы. Денсаулық сақтау, білім беру, педагогтар мен дәрігерлердің мәртебесін арттыру - осы барлық бағыттар бойынша Тоқаев мемлекетті дамыту керектігін түсінеді», - деді Бақытжан Жұмағұлов ҚР Президенті ұлықтау рәсімінен кейін сөйлеген сөзінде.

Спикер Мемлекет басшысының ел жастарына арнаған үндеуіне де тоқталды.

«Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға, оның келешегіне сенім артып отыр. Жастардың кадрлық резерві құрылуы тиіс. Жастар қызметтік сатымен өседі. Біз еліміздің дамуындағы жаңа кезең - адамдарға қамқорлық уақыты келгенін сезіндік», - дейді ол.

Сенатор Мемлекет басшысының білім жүйесін жаңғырту жөніндегі идеясын да айналып өтпеді.

«Әлем жылдам өзгеріп барады. Барлығы бірден бола қоймасы анық. Бірақ, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саланы терең түсіне отырып, нақты міндет қойып отыр - үздік әлемдік стандарттар бойынша білім беру жүйесін жаңғырту керек. Алайда, білім берудегі біздің ұлттық жетістіктерімізді ұмытпау керектігін де тілге тиек етті. Президент педагог мәртебесін көтеру міндетін нақты қойды. Өйткені педагог қоғамда ерекше құрметке ие болуы тиіс», - деді Б. Жұмағұлов.

Айта кетсек, елордада жаңадан сайланған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Қ. Тоқаевты ұлықтау рәсіміне Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңес мүшелерi, Жоғарғы Сот судьялары, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері және басқа да шақырылған қонақтар қатысты.

Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді. Ант берген сәттен бастап жаңадан сайланған Президент ресми қызметiне кiрiскен болып саналады.

Жоғары қарай