Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 389.62
EUR 429.98
RUB 6.06
CNY 55.08

Тоқаев: Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы - мемлекетаралық байланыстардың эталоны

2019 жылдың 2 сәуір 2019 22:04

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық-ресейлік қарым-қатынас мемлекетаралық байланыстардың эталоны ретінде қызмет ете алады. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Российская газета» басылымына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлықтау рәсімі өткеннен кейінгі қысқа ғана уақыт ішінде шақырғаны үшін Владимир Владимирович Путинге ризашылығымды білдіремін. Бұл - менің Мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы сапарым. Елдеріміз арасындағы мызғымас достық дәнекерлігін, одақтастықты және стратегиялық серіктестікті растау мүмкіншілігіне қуаныштымын. Тұңғыш Президентіміз - Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресейдің Құдай қосқан көршілер екенін айтқан болатын. Біз барлық уақытта да қос халықтың түбегейлі мүддесі үшін бірге боламыз», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі ел арасында бастапқы кезеңнен-ақ қарқынды саяси диалог орнағанын және үнемі қолдауға ие болып келгенін баса айтты. Сонымен қатар, Н.Назарбаев пен В.Путин қос елдің ынтымақтастығын жоғары деңгейге көтергеніне назар аудартты.

«Тату көршілік және өзара құрмет қағидаты негізінде, конструктивті түйінде шеше алмаған мәселе жоқ. Бүгінде қазақстандық-ресейлік қарым-қатынас мемлекетаралық байланыстардың эталоны ретінде қызмет ете алады. Елдеріміздің одақтастығы мен стратегиялық серіктестігін нығайту тақырыбы алдағы келіссөздердің басты тақырыбы болады деп ойлаймын. Біз ҰҚШҰ бойынша сенімді одақтаспыз. Өзара, оның ішінде сауда-экономикалық, инвестициялық ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері бойынша іс-қимылды тереңдету үшін зор әлеуетіміз бар»,- деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Қазақстанның жетекші сауда серіктесі саналатынына да назар аударды.

«Екіжақты тауар айналымы жыл сайын өсіп келеді және ол 2018 жылы 17,6 млрд долларды құрады. Қазақстандағы шетелдіктердің қатысуы бар әрбір үшінші кәсіпорын - ресейлік, ал олардың жалпы саны 9 мыңнан асып жығылады. Елдеріміз көпжақты халықаралық және өңірлік алаңдарда өзара тығыз іс-қиылды жолға қойып, күштерін үйлестіреді. Бүгінде ЕАЭО құрылымдары еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестердің қозғаушы күші қызметін атқарады», - деді Мемлекет басшысы.

Жоғары қарай