Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 378.60
EUR 417.75
RUB 6.13
CNY 54.58

«Тобыл» футболшылары 23 жастағы жігіттің емі үшін жейделерін сатты

2019 жылдың 6 қазан 2019 21:40

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Бүгін қостанайлық «Тобыл» футбол клубының ұжымы қайырымдылық аукционнын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат команданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Турист» қонақүйінде «Тобыл» ойыншыларының жейделері бәссаудаға түсті. Осымен сегізінші рет өткізіліп отырған қайырымдылық аукционына қостанайлық бірнеше футболшының киімі сатылды. Бұл шараның мақсаты – көмекке зәру Адис Теміровке қол ұшын созу. Оны аман алып қалу үшін Түркияда ота жасау керек.

Оған үшінші дәрежелі мұрын-ішек қатерлі ісігі диагнозы қойылған. Бәссаудаға Артем Шерстов, Данияр Семченков, Сенин Себаи және Фернандер Кассай сынды футболшылар қатысты.




Әуелгіде жиналғандар аса белсенділік таныта қоймағанмен бара-бара аукцион қыза түсті. Бастапқыда 1000 теңгеден басталған футболкалар әртүрлі бағаланды. Мәселен, чехиялық легионер Эгон Вухтың киімі 5000 теңгеге сатылса, Бауыржан Тұрысбек киген формасы 10000 теңгеге өтіп кетті. Ал Фернандер Кассайдың жейдесі ең қымбат бағаға сатылды. Ол үшін футболшы Сенин Себай 20000 теңгесін аямады.




«Мұндай қайырымдылық акциясын клуб жыл сайын ұйымдастырады. Мақсатымыз ауыр науқасқа шалдыққан балаларға шама-шарқымызша қаржылай көмек беру. Қоғамның бір бөлшегі – бала денсаулығына қостанайлықтар ешқашан бей-жай қараған емес. Сондықтан, аукционға қатысушылар өте сауапты іске ұйытқы болды деп батыл айта аламын»,-дейді «Тобыл» футбол клубының жанкүйерлермен байланыс жөніндегі маманы Марат Күзембаев.

Аукционға жиналған қаржы Адистың анасы Эльвира Теміроваға тапсырылды.

Автор Қасқырбай Қойшыманов
Басты сөздер: Қоғам, Спорт,
Жоғары қарай