Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

Тимур Сүлейменов: Ел ішінде цифрлық теңсіздікке жол бермеуіміз керек

2020 жылдың 19 ақпан 2020 17:23

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов қаладағыдай ауылдарға да сапалы интернет жеткізу мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Цифрландырудың негізгі бағыты – мемлекеттік қызметтердің форматталуы. Бұл салада қарапайым халық мемлекетпен тікелей жұмыс жүргізетіндіктен оның маңызын шетке ысыра алмаймыз. 2019 жылдың соңына дейінгі жоспарға сәйкес мемлекеттік қызметтердің 80 пайызын электронды форматқа ауыстыру міндеті алға қойылған еді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бұл межені орындағанын ерекше атап өткім келеді. Бұл жұмыс оңай болған жоқ. Осы міндетті орындау жалғыз министрлікке байланысты емес еді. Бұл - өте жақсы нәтиже», - деді Тимур Сүлейменов ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Оның айтуынша, биыл электронды форматта берілетін мемлекеттік қызметтердің үлесін 90 пайызға жеткізу керек.

«Әлбетте азаматтар мен бизнес үшін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен жайлылығы да естен шығарылмауы тиіс. Қазіргі таңда қала мен ауылды елдімекендерді салыстырғанда интернет сапасы жағынан айтарлықтай айырмашылық бар. Ол жайлы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы да атап өтті. Сол үшін ел ішінде цифрлық теңсіздікке жол бермеуіміз керек. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің алдына жылдам әрі қолжетімді интернетпен қамту жағынан стратегиялық тұрғыда маңызы бар міндет қойылып отыр», - деді ол.

Тимур Сүлейменов сонымен қатар 5G технологиясын енгізудің де маңызына тоқталды.

«Сондай-ақ Үкімет инновацияның дамуына ерекше мән беруде. Жаһандық бәсеке рейтингінің инновациялық әлеует бағыты бойынша өкінішке қарай, кейінгі үш жылда Қазақстан өз нәтижесін 36 тармақ бойынша төмендетіп алды. Қазір біз 95-ші орында тұрмыз. Өткен жылы Мемлекет басшысы инновациялық саясатқа қатысты тиісті тапсырма берген еді. Сол себепті бұл бағытта Асқар Жұмағалиев бастаған министрлікке үлкен үміт артылып отыр», - деді Тимур Сүлейменов.


Жоғары қарай