Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 361.66
EUR 409.51
RUB 5.41
CNY 52.36

Тимур Сүлейменов АЭФ-тің бірінші күнін қорытындылады

2018 жылдың 17 мамыр 2018 18:50 672

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Global Challenges Summit 2018 форумы бірінші күнінің қорытындысын шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін өте маңызды күн болды. Астана экономикалық форумы ресми басталды. Алдымен статистикадан бастасам, 6120 қатысушы болды, оның 1147-сі шетелден. Олар 111 елдің өкілі. Шамамен 1 мың БАҚ өкілі, оның ішінде 120 шетелдік журналист. ҚР Президентінің қатысуымен жалпы сессия, Саммиттің жаһандық сын-тегеуріндер шарасы табысты өтті. Мемлекет басшысы өз сөзінде 5 ірі сын-тегеуірінге жан-жақты тоқталды», - деп атап өтті министр бірінші күннің қорытындысына арналған брифингте.

Оның атап өтуінше, Қазақстан Президенті ең алдымен цифрландыруға тоқталып, 2030 жылға қарай әлемдік ЖІӨ-нің 15 пайызын жасанды интеллект беретіндігін айтқан. Екінші сын-тегеуірін ретінде энергетикалық революцияға, әлемнің таза энергияға қарай ілгерлеуін атаған. Елбасының мәліметінше, соңғы 30 жылда ЖЭК-ті пайдалану 13 есеге ұлғайып, күн панелдерінің құны соңғы 5 жылда 2 есеге төмендеген. Үшінші сын-тегеуірін - ұзақ өмір. Бүкіл әлемде өмір сүрудің күтілетін ұзақтығы соңғы 70 жылдың ішінде 48-ден 71 жасқа дейін ұзарған. 2050 жылға қарай 10 млрд жер тұрғынын қамтамасыз ету үшін азық-түлік шығару көлемін бүгінгіден 60 пайызға арттыру керек. Төртінші сын-тегеуірін - урбанизация қарқыны. БҰҰ мәліметінше, 2050 жылға қарай қалада тұратын адамдар үлесі 70 пайызға жетеді. Бесінші сын-тегеурін - бұл әлемдік еңбек нарығындағы үрдіс.

«Сонымен қатар, біз өте қызықты практиктердің, саясаткерлер мен ғалымдардың пікірлерін тыңдадық.  Адаммен салыстырғанда жасанды интеллектінің мүмкіншіліктеріне қатысты өмірлік мысалдар келтірілді», - деп атап өтті Тимур Сүлейменов.

Ол АЭФ-тің жалпы отырысында Митио Каку, Стив Возняк, Дзинь Лицюнь, Джим О'Нил тұщымды пікірлер айтқанын атап өтті.

 

 

Жоғары қарай