Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Теріс қылық жасауға оқталғандарды жазаға тарту қарастырылады

2019 жылдың 23 мамыр 2019 17:18

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Әділет министрлігінде Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Онда ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев қылмыстық заңнаманы жетілдіру аясында енгізілген жаңалықтар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, жиында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасының тұжырымдамасы қаралды.

Құжат аясында теріс қылық жасауға қамдану және қылмыстың жеңіл түріне жауапкершілік енгізу ескерілген.

«2015 жылдан бері бізде жаңа Қылмыстық кодекс күшіне енген және онда теріс қылық жасауға оқталуға жауапкершілік қарастырылмаған еді. Мәселен, өмірде ұсақ жымқыру әрекеттері жиі кездеседі. Әсіресе, сауда орталықтарында белгілі бір заттың құнын төлемей алып өтпек болғандар кассада анықталып жатады. Бұл ретте ұрлық деп айыптауға келмейді, себебі ол дүкеннен шыға берісте ұсталғандықтан, жымқырған мүлікті пайдалану мүмкіндігіне ие емес. Сондықтан осындай әрекеттер үшін ұсталғандарды ұсақ жымқыру тәртібімен жазалау мүмкін болмады. Бұл өз кезегінде сауда орындары иелерінің наразылығын тудырып келді. Осындай әрекеттерімен 10-15 рет ұсталғандар да кездеседі», - деп түсіндірді Болат Дембаев.

Бұл тұрғыда теріс қылық жасауға оқталу әрекетіне жауапкершілікті енгізу ұсынысы ескерілді. Яғни әкімшілік жаза аясында қомақты сомада айыппұл салынады.

«Осы заңбұзушылықтар үшін жауапқа тартылады, алайда бізде теріс қылық үшін жазалау қандай да бір салдарды туындатпайды», - деді Бас прокурорының орынбасары.

Сонымен қатар заң жобасы тұжырымдамасында адамды ұрлау және адам бостандығын заңсыз шектеу үшін жауапкершілікті күшейту қарастырылып отыр.

«Бұл бағытта тиісті өзгерістер енгізіліп, жауапкершілікті күшейттік. Қылмыстық кодекс халықаралық құқық нормаларына сәйкес болу керек. Осы орайда тиісті конвенцияларға қосылғандықтан, оларды орындау міндеті бар», - деді Б. Дембаев.

Жоғары қарай