Ауа райы
Астана 26 °С
Алматы 35 °С
валюта бағамы
USD 383.98
EUR 430.63
RUB 6.11
CNY 55.83

Теннис: Зарина Дияс Истбурн турнирінің екінші айналымына өте алмады

2019 жылдың 25 маусым 2019 18:00 558

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат  - Қазақстандық Зарина Дияс Истбурн (Ұлыбритания) турнирінің екінші айналымына өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 89-орында тұрған З.Дияс әлемнің 33-ракеткасы, украиналық Леся Цуренкомен шеберлік байқасты.

Зарина негізі осы турнирдің іріктеу сайыстарына қатысып, оның финалында ресейлік Вероника Кудерметоваға жол берген болатын. Дегенмен германиялық Юлия Гергестің жарысқа қатысудан бас тартуына байланысты ұйымдастырушылар соның орнына З.Диясты арнайы шақыртумен қайта қосты.

Бірінші партияда Л.Цуренко басымдылық танытты - 6:2.

Украиналық теннисші екінші сетте қос бірдей брейкпен алға кетті - 3:0. Ақыры бұл жолы да Цуренко жеңістік бермеді - 6:2.

Бәсеке 1 сағат 14 минутқа созылды.

Л.Цуренко екінші айналымда әлемнің 66-ракеткасы, швециялық Ребекка Петерсонмен кездеседі.

Юлия Путинцева жүлде қоры 1 млн АҚШ долларына жуықтайтын осы жарыстың екінші айналымында әлемнің 4-ракеткасы, Нидерланды елінің өкілі Кики Бертенспен кортқа шығады. 

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 111-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің іріктеу сайыстарында бақ сынайды. Ол бүгін алғашқы кездесуін рейтингте 195-сатыдағы аустралиялық Эллен Переспен өткізеді.

Ерлер арасында Уимблдон додасының іріктеу сынына қатысқан Александр Недовесов кеше Джанлука Магерден жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды.

Негізгі турнирі 1 шілдеде басталатын Уимблдонда Қазақстаннан Михаил Кукушкин, Александр Бублик, Юлия Путинцева, Зарина Дияс сынға түседі. Іріктеу сайыстарынан өтсе, олардың қатарына Е.Рыбакина қосылады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның рейтингте үздік 40 теннисшінің қатарына қайта еніп,  Истбурн турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

 

 

 

 

Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай