Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 437.20
EUR 475.32
RUB 5.79
CNY 61.94

Теннис: Ярослава Шведова Доха турнирінің алғашқы айналымынан аса алмады

2020 жылдың 23 ақпан 2020 20:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Ярослава Шведова Доха (Катар) премьер турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Я.Шведова алғашқы айналымда әлемнің 73-ракеткасы, германиялық Лаура Зигемундпен күш сынасты.

Германиялық спортшы 6:3, 6:2 есебімен жеңіске жетті.

Бәсеке 1 сағат 18 минутқа созылды.

Бұл кезінде дүниежүзілік рейтингте 25-орынға дейін көтерілген Я.Шведованың егіз сәбилі болуына байланысты орын алған үзілістен кейінгі бастапқы ойыны еді. Оған қоса тәжірибелі спортшы биыл Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны ретінде бапкерлікті де қолға алған болатын.

Л.Зигемунд екінші айналымда әлемнің 1-ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартимен шеберлік байқасады. Егер үшінші айналымға дейін жетсе, Елена Рыбакина да Э.Бартимен кездесіп қалуы әбден ықтимал. Е.Рыбакина алғашқы кездесуін румыниялық Сорана Кырстямен өткізеді. Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева әлемнің 31-ракеткасы, ресейлік Анастасия Павлюченковамен кортқа шығады.

Жүлде қоры 3,2 млн АҚШ долларынан асатын ірі жарыс 29 ақпанда мәреге жетіп, жеңімпаз анықталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Марсель турнирінің финалына шыға алмағанын, Елена Рыбакинаның Дубайда соңғы бәсекеде әлемнің 2-ракеткасына жол бергенін, ал А.Бублик пен М.Кукушкиннің қарсыластары анықталғанын жазған болатынбыз.

Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай