Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.86
EUR 435.32
RUB 6.12
CNY 55.12

Теннис: Кукушкиннің Будапешт турниріндегі қарсыласы белгілі болды

2019 жылдың 22 сәуір 2019 10:49

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші ракеткасы Михаил Кукушкиннің Будапешт турниріндегі қарсыласы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін жаңартылған дүниежүзілік рейтингте 42-ден 40-орынға жоғарылаған қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 55-ракеткасы, италиялық Маттео Берреттинимен кездеседі.

Оны ұтқан жағдайда әлемнің 77-ракеткасы, аустралиялық Бернард Томич немесе рейтингте 74-орындағы словениялық Альяж Бедененің біреуімен шеберлік байқасады.

Рейтингте сондай-ақ қазақстандықтар Александр Бублик 100-ден 98-ге, Дмитрий Попко 620-дан 615-сатыға көтерілді.

А.Бублик Мексикадағы Леон челленджер турнирінің 1-ракеткасы болып тіркелгендіктен, жарысты екінші айналымнан бастайды.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 312-ракеткасы Денис Евсеев АҚШ-тағы Таллахасси челленджер турнирінде 344-орындағы үндістандық Сумит Нагалмен кортқа шығады.

Әйелдер арасында 161-орында тұрған қазақстандық Елена Рыбакина Ыстанбұлда іріктеу сайысының финалында әлемнің 142-ракеткасы, венгриялық Тимея Бабошпен күш сынасады. Оны ұтса, негізгі турнирге жолдама алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Монте-Карло турнирінің үшінші айналымына өте алмағанын, Дмитрий Попконың АҚШ-тағы турнирдің финалына шығып, жеңімпаз атанғанын жазған болатынбыз.

Ал Қазақстанның әйелдер құрамасы Лондонда Ұлыбританиядан жеңіліп қалды.

Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай