Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 386.82
EUR 428.67
RUB 5.86
CNY 54.95

Теннис: Кукушкин Монте-Карло турнирінің үшінші айналымына шыға алмады

2019 жылдың 17 сәуір 2019 17:43 851

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 42-ракеткасы Михаил Кукушкин Монте-Карло (Монако) турнирінің екінші айналымында грекиялық Стефанос Циципаспен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жүлде қоры 5,5 млн еуродан асатын мастерс жарысының 6-ракеткасы болып тіркелген 20 жасар грекиялық спортшы дүниежүзілік рейтингте 8-сатыда тұрған-ды.

Бірінші сетте есеп 4:3 болған мезетте С.Циципас брейк жасап кетті. Содан кейін өз геймін мүлт жіберген жоқ - 6:3.

Екінші партияда алғашқы екі геймде қос теннисшінің де брейк жасайтындай мүмкіндігі болды. Дегенмен грекиялық спортшы брейкпен алға шықты - 2:1. Есесіне ол алтыншы геймде жиі қателесіп, Кукушкиннің брейк жасауына жол беріп қойды - 3:3. Бұдан кейін қазақстандық теннисші доп бергенде, өз мүмкіндігін пайдалана алмады - 3:4.  Дегенмен қайыра брейк жасап, таразы басын теңестірді - 4:4. Есеп 5:5 болғанда, Циципас брейкке қол жеткізді. Ақыры ол 7:5 есебімен жеңіске жетті.

Біршама тартысты өрбіген бәсеке 1  сағат  43 минутқа созылды.

С.Циципас ширек финалға шығу үшін осы турнирдің оныншы, әлемнің 14-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведевпен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің Монте-Карло турнирін сәтті бастағанын жазған болатынбыз.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 100-ракеткасы Александр Бублик Мексикадағы Сан-Луис Потоси челленджер турниріне қатысуда. 1-ракетка болып тіркелген А.Бублик жарысты екінші айналымнан бастап, рейтингте 322-орындағы америкалық Кевин Кингпен кортқа шығады.

 

 

Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай