Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 447.60
EUR 489.41
RUB 5.71
CNY 63.05

Теннис: Елена Рыбакина әлемдік рейтингте рекордтық 17-орынға көтерілді

2020 жылдың 24 ақпан 2020 10:17

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін жаңартылған дүниежүзілік рейтингте Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 17-орынға көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін 19-сатыда тұрған 20 жастағы Е.Рыбакина Қазақстан көрсеткішін тағы бір жаңартты.

Юлия Путинцева бұрынғы 32-орнында қалса, Зарина Дияс 63-тен 61-ге жоғарылады.

Рейтингте аустралиялық Эшли Барти бұрынғыша көш бастаса, румыниялық Симона Халеп пен чехиялық Каролина Плишкова екінші, үшінші орында келеді.

Е.Рыбакина мен Ю.Путинцева бүгін Дохадағы ірі додада сәйкесінше румыниялық Сорана Кырстя және ресейлік Анастасия Павлюченковамен алғашқы ойындарын өткізеді. Егер Е.Рыбакина үшінші айналымға дейін жетсе, Э.Бартимен жолдары тоқайласуы мүмкін. Өткен аптада Дубайда Елена К.Плишкованы тізе бүктірсе, финалда С.Халепке жол берген болатын.

Ерлер арасында өткен аптада Марсель турнирінің жартылай финалына дейін жеткен Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 55-тен 47-сатыға көтерілді. Бұл оның өз спорттық жолындағы үздік көрсеткіші болып табылады. Михаил Кукушкин 69-дан 89-ға сырғыса, Дмитрий Попко 168-ден 167-ге жоғарылады.

Бүгін Дубай жарысында М.Кукушкин ресейлік Карен Хачановпен кездессе, А.Бублик ертең Польша өкілі Хуберт Гуркачпен ойнайды.

Үздік үштікте бұрынғыша сербиялық Новак Джокович, испаниялық Рафаэль Надаль және швейцариялық Роджер Федерер келеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкин мен А.Бубликтің Дубайдағы қарсыласы анықталғанын, Ярослава Шведованың Доха турнирінің алғашқы айналымынан аса алмағанын жазған болатынбыз.



Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай