Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 386.05
EUR 428.25
RUB 5.84
CNY 54.65

Таудағы туристерді тонап келген қарақшы ұсталды

2019 жылдың 23 шілде 2019 13:13 244

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы полициясы тауға демалуға барған туристерді тонаумен айналысқан қарақшыны ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, Медеу ауданының Бутаковка шатқалында демалуға барған туристер бірнеше рет полицияға арызданған. Оларға белгісіщз біреу келіп, пышақпен қорқытып, ақша талап еткен, ұялы телефондарын тартып алған.

«Арыз түскен территорияларға полицияның қылмыстық тергеу тобы жіберілді. Олар көп ұзатпай 37 жастағы адамды ұстады. Күдікті бірқатар қылмыс жасағаны үшін істі болған. Ол қалада тұратын жері болмаған соң, лашық салып алып, тауда тіршілік еткен. Ары қарай өзін асырау үшін қылмысқа барған. Некен-саяқ жүрген адамдарды таңдап алып, канцеляриялық пышақпен қорқытып, ақшасын, құнды заттарын алып кетіп отырған. Бір туристке пышақ салған. Жапа шеккен адамның денсаулығына төнген қауіп жоқ. Алайда бұл оның жазасын ауырлата түсері анық», - деді Медеу аудандық полиция басқармасының басшысы Болат Тотыбаев.

Күдіктінің айтуынша, ол жалғыз әрекет етпеген. Қасында өзінен бірнеше жас үлкен сыбайласы болған.

«Сыбайласы жан-жақты бақылап отырған. Оның да жеке тұлғасы анықталды. Енді ұстау - уақыттың еншісінде ғана. Ең басты күдікті уақытша оқшаулау орнына қамалды. Егер осы адамның әрекетінен жапа шеккен адам болса 254-48-00; 254-48-01 және 254-48-02 нөмірлеріне хабарласуын сұраймыз», - деді майор Тотыбаев.

Жоғары қарай