Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 389.52
EUR 429.21
RUB 6.07
CNY 54.94

Таразда ерекше қоғамдық форум өтті

2019 жылдың 21 қыркүйек 2019 18:54

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Елдік елге байланысты» атты форум өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Баласағұн» орталық концерт залында өткен шараға облыс бойынша ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, билер кеңесінің мүшелері, ұлттық мәдени орталықтардың, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, оқытушылар мен жастар, БАҚ өкілдері қатысты.




Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, этносаралық және конфессияаралық бейбітшілік, бірлік пен ынтымақ, ұлттық құндылықтарды жаңғырту мақсатына негізделген форумда қоғамдағы кертартпалық пен ысырапшылықтар жайы қаузалды.

Облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген бүгінгі тойлардағы, өлім-жітімдегі ысырапшылдық пен бей-берекетсіздікті тілге тиек етіп, бірізділікке түсіру жайын айтты. Ал, Тараз қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Күлекеев форумның маңыздылығын атап өтіп, осы шараны аудандарда да жалғастыру керектігіне тоқталды.




«Қазақ халқы бірліктің орны мен маңызын жоғары бағалап, «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Бақыт – бірлікте, байлық – еңбекте» деп түйген. Сондықтан да, ел тізгінін қолына ұстаған ардақты адамдар – хандар, билер, аузы дуалы ақсақалдар ел ішіндегі асқынған дау, ушыққан жанжалдың жолына тосқауыл қоярда ел бірлігіне сына түспеу жағына баса назар аударған»,- деген Б.Күлекеев тойдың жаңа бағытта қалыптастырып ысырапшылдықтан арылу керектігін жеткізді.




Сондай-ақ, тойханаларға салық салу, жастардың тәрбиесіне ерекше назар аудару туралы ойларымен бөлісті.

Басқосу барысында өзге де сөз алған ақсақалдар мен ел ағалары қоғамдағы түйіткілді мәселелер, ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыптың уақыт ағымымен өзгеруі, ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол бермеу, жастар тәрбиесінің өзектілігі хақында айтып өтті. Халықтың ұлттық болмысы мен бірегейлігіне кері әсер ететін жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, қызметтегі жершілдік пен тамыр-таныстық, ағайын арасындағы рушылдық, той тойлаудағы ысырапшылдық пен астамшылдық, жастар ортасындағы даңғойлық пен кердеңдік, ел ішіндегі орынсыз салтанат, қанағатсыздық пен үнемсіздік сияқты жаман қасиеттерден арылу бүгінгі күннің басты талабына айналып отырғаны шараның өзегіне айналып, мәселе боп көтерілді.

Форумды қорытындылаған аймақ басшысы Асқар Мырзахметов көтерілген мәселелер тоғысында облыс тұрғындарын бірлік пен ынтымаққа, сабырлық пен қанағатшылыққа, берекелі өмір сүруге шақырып, қатысушылар тарапынан Үндеу жолдады.




«Жаһандық әлеммен қабыспайтын, ұлттың дамуына кедергі келтіріп, ел ішіне іріткі салатын өткеннің кейбір кертартпа дағдылары мен әдеттерінен күні бүгінге дейін арыла алмай отырғанымыз жасырын емес. Олар: жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, жершілдік, тамыр-таныстық, жүзшілдік пен рушылдық, ысырапшылдық пен астамшылдық, даңғойлық пен кердеңдік, орынсыз салтанат, қанағатсыздық пен үнемсіздік. Өркениетілікке емес өсекке, зиялылыққа емес зияндыққа, парасаттылыққа емес пасықтыққа, ізгілікке емес ібілістікке жетелейтін мұндай «ғұрыптардан» құтылатын кезең келді. «Іргелі елдің іргесін есер ағым бұзар» дегендей, бүгінгі таңда деструктивті діни ағымдардың ел арасына етене еніп, жастардың санасын улап жатқаны да барша жұртты алаңдатып отырған күрделі мәселе. Бұл үрдістің тамырына балта шауып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде зайырлы білімді ұлттық құндылықтарымызбен сабақтастыра отырып түсіндіру – баршамыздың басты мақсатымызға айналуы тиіс»,- делінген үндеуде.

Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары осы бағытта насихат жұмыстарын ұйымдастыру, әлеуметтік желіні пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыру үшін арнайы заң бекіту керектігі айтылған.




Жоғары қарай