Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 378.60
EUR 417.75
RUB 6.13
CNY 54.58

Таразда алғаш рет сал ауруына шалдыққан балаға нейрохирургиялық ота жасалды

2019 жылдың 26 қазан 2019 10:57

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда алғаш рет церебральды сал ауруына шалдыққан балаға «Селективті дорзальды ризотомия» нейрохирургиялық операциясы жасалды. Күрделі әрі қауіпті медициналық көмектің бұл түрін Ресей мен Алматы қаласынан келген дәрігерлер «шеберлік сағаты» ретінде жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

8 сағатқа созылған күрделі операция сал ауруына шалдыққан жеті жасар жеткіншекке жасалды. Дәрігерлер науқастың жұлынына заманауи нейрохирургиялық микроскоп арқылы жеткен болатын. Ақ халаттылардың айтуынша, операцияның арқасында сал болып қалған баланың жүріп-тұруына, еркін қимылдауына мүмкіндік тумақ.

Нейрохирург Чингиз Шашкиннің айтуынша, бұл операция түрі әлемде бұрыннан қолданылып келеді. Ал, Қазақстанда селективті сал ауруына дейінгі ризотомия бойынша операциялар Алматыда жақында басталған. Бұл операция аяқтың спастикасын босаңсытуға, одан кейін сапалы оңалту емінен кейін баланы аяққа тұрғызуға мүмкіндік бермек.

«Біз микрохирургиялық операция жасадық. Отадан үлкен нәтиже күтуге болады. Яғни, операция жасау арқылы сал ауруына шалдыққан балаларды аяққа тұрғызуға, жағдайын оңалтуға мүмкіндік туады. Ал операцияда заманауи медициналық аппараттарды қолданамыз. Мәселен, микроскоп құралы арқылы ота үстелінде жатқан науқастың жүйке жүйесін зақымдап алмауға көмектеседі», - дейді медицина ғылымдарының кандидаты, нейрохирург Чингиз Шашкин.

Мәскеуден арнайы келген нейрофизиолог-дәрігер Николай Купцов жамбылдық әріптестерін БЦП-да интраоперациялық нейрофизиологияны қолдану технологиясымен тәжірибе жүзінде таныстырды.

«Қазіргі заманғы жабдықтар операцияның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Біз облыстық балалар ауруханасының ұжымымен бір команда ретінде сәтті жұмыс жасадық деп ойлаймын. Оған микротехнологияларды қолдану арқылы қол жеткіздік. Бұл технология өңірдегі сал ауруы бар балалардың сауығуына көмектеседі деп үміттенеміз»,-дейді Николай Купцов.

Мүмкіндігі шектелген балаларға мұндай операциялар көбінде шетелде жасалады. Ал Қазақстанда бұл тәжірибе ретінде енді іске асып келеді.




Айта кетейік, өңірде 5000 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі бала бар. Оның үш мыңнан астамы сал ауруына шалдыққан. Олардың 7-8 пайызына дәл осындай операция қажет.

«Шетелдік дәрігерлермен тәжірибе алмасқан өзіміздің ақ халаттылар енді дәл осындай операцияны жасап көруге ниетті. Яғни, облыстық балалар ауруханасына алынған жаңа технологиялардың арқасында тұрғындарды алыс жолға жібермей-ақ, осында көмек көрсетуге тырысамыз»,-дейді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Азат Сәтжанов.

Жоғары қарай