Ауа райы
Астана -11 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 386.30
EUR 428.14
RUB 6.08
CNY 54.87

Таразда 9 жасар қызға азғындық әрекет жасаған күдікті ұсталды

2019 жылдың 28 қыркүйек 2019 16:34

ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Тараз қаласында 9 жасар қызға азғындық әрекеттер жасаған 24 жасар күдікті құрықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, оқиға 24 қыркүйекте сағат 19:00 шамасында орын алған. Тараз қаласының мөлтек аудандарының бірінде орналасқан көпқабатты үйдің подъезінде белгісіз ер адам мас күйінде 9 жасар қызға күш қолданып, азғындық әрекеттер жасап, қылмыс орнынан бой тасалаған.

«Аталған дерек бойынша Тараз қаласының полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 124-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады.

Қылмысты ашуға полицияның барлық күш-құралдары жұмылдырылып, тәжірибелі қызметкерлерден арнайы жедел тергеу тобы құрылды.

«Кешенді жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады. 24 жастағы облыс орталығының тұрғыны ұсталып, өз кінәсін толығымен мойындады. Ол үйленген, екі баласы бар. Қазіргі таңда уақытша ұстау изоляторына қамалды»,-дейді облыстық полиция департаментінің басшысы Арман Оразалиев.

Оның айтуынша, аталған бап бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Анықталғандай, күдікті наркологиялық және психоневрологиялық диспансерде, сондай-ақ «педофил» санаты бойынша есепте тұрмайды.

Полиция департаментінің басшысы ата-аналарды мұқият болуға және осыған ұқсас жағдайларды болдырмау үшін жас балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.

Автор Ғибрат Сембай
Басты сөздер: Оқиға, Жамбыл облысы,
Жоғары қарай