Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 443.50
EUR 479.47
RUB 5.79
CNY 62.51

Таразда 9 ел өкілдерінің қатысуымен агрохимиялық форум өтіп жатыр

2020 жылдың 27 ақпан 2020 17:53

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда Азияның 8-ші агрохимиялық форумы өтуде. Оған Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Литва елдерінің ауыл шаруашылығы құрылымдары мен минералды тыңайтқыштар өндіруші зауыттарының өкілдері қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Aйта кетейік, аталған шара биыл бесінші жыл қатарынан әлемдегі ең үлкен фосфорит бассейні бар, еліміздің химия индустриясын дамыту орталығы болып саналатын Жамбыл облысында ұйымдастырылуда. Форумды өткізуге Минералды тыңайтқыштардың ірі өндірушілері – «Қазфосфат» ЖШС, «ЕвроХим» МХК АҚ, «ҚазАзот» АҚ және «Маркер Групп» ақпараттық-талдау компаниясы мұрындық болып отыр.

«Қазфосфат» ЖШС Бас директоры Мұқаш Ескендіровтің айтуынша, шараны өткізудегі басты мақсат – агрохимиялық саланың көмегімен топырақтың құнарлылығын, ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігі мен тиімділігін арттыру, АӨК агрохимиялық өнімнің ішкі сұранысын еселеу.

«Біз тек бірлесе жұмыс жасасақ қана агрохимиялық кешен жүйесін адан әрі дамыта аламыз», - деді М.Ескендіров.




Форум жұмысына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

- Химия саласы үшін пайдалы қазбалар қорының 75 пайызы Жамбыл облысында шоғырланған. Бұл орайда өнеркәсіптік өнім экспортының 30 пайызы «Қазфосфат» ЖШС-нің зауыттарына тиесілі. Бұл форум еліміздің аграрлық-өнеркәсіптік кешенін дамытуға айтарлықтай серпін береді деп үміттенемін, - деді Б. Сапарбаев.




Жамбылдық шаруа қожалық басшысы Хамитолла Байназаров қант қызылшасын өсіру үшін минералды тыңайтқыштарды сатып алуға субсидия мөлшерін ұлғайту, тұқымды күзде емес, көктемгі егіс алдында алу мәселесін көтерді.

Сондай-ақ, «АӨК қазақстандық іскерлік кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы Арман Евниев «агроиндустриалды Қазақстан 2030» стратегиялық бастамасы туралы жан-жақты түсіндірді.




Бердібек Сапарбаев А.Евниевтің өңірлік кластерлерді құру идеясын қолдады. - Біздің облыста иелігінде 5-10 гектар жері бар 18 мыңнан астам шаруа қожалығы тіркелеген. Олардың айналым қаражаты, техникалық әлеуеті, сапалы тұқым мен тыңайтқыштарды сатып алу мүмкіндігі жоқ. Біз оларды ірілендіре отырып, кооперативтер құру жұмыстарын жүргізетін боламыз, - деді Б. Сапарбаев.

Агрохимиялық форум агроөнеркәсіптік және агрохимиялық бизнесті жүргізудің озық әдістерін, тыңайтқыштарды қолданудың заманауи әдістерін және агрономиялық ғылымды дамытудың аса маңызды мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.


Жоғары қарай