Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 389.81
EUR 430.27
RUB 6.06
CNY 54.91

Тапсырыс болмағандықтан оралдық «Зенит» зауытында жұмысшылар қысқаруы мүмкін

2019 жылдың 21 мамыр 2019 21:14

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Тапсырыс жоқтықтан оралдық «Зенит» зауытында жұмысшылар қысқаруы мүмкін. Бұл туралы сенаторлардың БҚО-ға жұмыс сапары кезінде «Орал «Зенит» зауыты» АҚ бас директоры Вячеслав Валиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Президент тапсырма берсе де, қазіргі кезде зауытқа мемлекеттік тапсырыс пен тиісті қаржы көлемі берілмей отыр.

Жыл сайын қаржы көлемі азайып келе жатқандықтан, бұған дейін 100 адам жұмыстан қысқартылған еді.

«Енді қаржы мәселесі таяу арада шешілмесе, болжам бойынша тағы да 200-дей адам жұмысынан айырылуы мүмкін. Бұл отандық кеме жасау кәсіпорнының қызметіне кері әсерін тигізетіні анық. Тіпті тұралап та қалуы ықтимал. Күні бүгін зауытта 800-дей адам еңбек етуде. Мамандарды жұмыспен қамтамасыз ету үшін зауытта құны 3 млрд теңге тұратын, су ығыстырылымы 70 тонналық тағы бір кеме құрастырылуда», деді В.Валиев.



null

Іргесі 1941 жылы қаланған кәсіпорын еліміз тәуелсіздік алғаннан бері кеме жасауға көшті. Биыл 30-шы, «Нұр-Сұлтан» атты кеме суға түсірілді. Кеме-катерлердің басым көпшілігі шекара қызметі үшін жасалған, еліміздің теңіз шекарасында қызмет етуде.

«Біз инфрақұрылымды жаңартып, жаңадан корпус салдық. Жабдықтар алдық. Ең бастысы, мамандарды даярладық. Он жылдай уақыт бойы Санкт-Петербург қаласына инженерлерді оқуға жіберіп отырдық. Қазіргі таңда кеме жасауда инженерлік білім алған 15-тей маман бар. Тек тапсырыстың жоқтығы тұйыққа тіреп тұр. Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірге сапары кезінде де мемлекет тарапынан кемелерге тапсырыс көлемін ұлғайту мәселесін айтқан едім», - дейді Вячеслав Валиев.

«Зенит» зауыты - маңызды стратегиялық кәсіпорын, онда көптеген адам жұмыс жасайды. Зауыттың тапсырыс алу мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдаймыз. Біз бұл мәселемен Премьер-Министрмен қатар тиісті министрліктер мен ведомстволарға, соның ішінде жергілікті атқарушы органдарға шығатын боламыз. Барған бойда «Зенит» зауытындағы жағдаймен барлық депутаттарды құлақтандырып, жұмыспен қамту мәселесін қозғайтын боламыз», - деді Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова.

Жоғары қарай