Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Тамара Дүйсенова: Астанаға Елбасының есімін беру - қазақтың ұлылығының бір көрінісі

2019 жылдың 23 наурыз 2019 10:54

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Nur Otan» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова Астана қаласының атауын өзгерту мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тамара Дүйсенова ең алдымен Елбасы - Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешіміне тоқталып өтті.

«Біз қазір тарихи кезеңді бастан кешіріп отырмыз. Ел тарихында бірінші рет бүкіл халық сайлаған Президент өз өкілеттігін ерікті түрде тоқтатып отыр. Әрине барлық қазақстандықтар сияқты мен үшін де бұл күтпеген оқиға болды. Елбасының халыққа үндеуін ести отырып, алдыңғы атқарылған жұмыстарды еске түсіріп, көзіме жас алдым», - деді Тамара Дүйсенова.

Өз сөзінде «Nur Otan» партиясының Хатшысы Елбасының ерен еңбегінің арқасында тәуелсіз Қазақстанның бүкіл әлем таныған мемлекетке айналғанына да назар аударды.

«Егемендіктің алғашқы жылдарында, нақты айтсақ 1995 жылы мемлекеттік қызметкерлерді Жапонияға оқуға жіберді. Сол кезде Токио университетінің профессоры Қазақстан туралы білмей, бізден сұраған еді. Арада он жыл өткеннен кейін Қазақстанға Жапония мемлекетінің премьер-министрі Абэ мырза келіп, Жапонияның Қазақстанды айрықша құрмет тұтатынын жеткізді. Сондай-ақ ол Қазақстан мен Жапония әлеуметтік-экономикалық бастамаларды бірлесіп жүзеге асыратын терезесі тең стратегиялық әріптестер екенін де айтты. Бұл біздің еліміз бен Елбасымызға берілген лайықты баға», - деді Тамара ханым.

Ал Астана атауын өзгерту мәселесі туралы пікірінде ол француздың атақты жазушысының сөзін мысалға келтірді.

«Виктор Гюгоның «Халықтың ұлылығы тек қана еңбегінде, мәдениетінде немесе күресінде емес. Сонымен бірге, ол халықтың ұлылығын дәлелдеген, соны бүкіл дүниеге паш еткен перзенттерін тани білуінде, соларды құрмет тұтуында» деген сөзі бар. Сондықтан Астана қаласына Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімін беру қазақ халқының ұлылығының бір көрінісі деп білемін және осы бастаманы қолдаймын», - деді Тамара Дүйсенова.

Жоғары қарай