Ауа райы
Нұр-Сұлтан 7 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 378.90
EUR 422.74
RUB 5.87
CNY 54.80

Талантты жастардың жолын ашуымыз керек - Елбасы

2019 жылдың 23 қаңтар 2019 13:09 1917

АСТАНА. ҚазАқпарат - Талантты жастарымыздың жолын ашуымыз керек. Бұл туралы бүгін «Тәуелсіздік ұрпақтары» Жастар жылының ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі әлемге әйгілі ірі компаниялардың  негізін жас кәсіпкерлер қалағанын барлығыңыз білесіздер. Мысалы Фейсбукті Марк Цукерберг 19 жасында ойлап тапты. Майкрасофты Бейл Гейтс 20 жасында, Aplle компаниясын Стив Джобс 21 жасында құрды. Бізде де 13 жасында ҚБТУ-дың 2 курсын оқып жатқан баланы қазір ғана тыңдадық. Олардың барлығы аспаннан салбырап түскен жоқ. Талант деген де бар, оны жасыруға болмайды. Бірақ Эйнштейн айтқандай, талантың 90 пайызы еңбек», - деді шара барысында Елбасы. 

Мемлекет басшысы ЭКСПО нысандарының бірі стартап-жобаларды әзірлеумен айналысатын жастарға берілгенін атап өтті.

«Сол жерде Қазақстанның 200 жасы өз шаруаларын жасап жатыр. Мен баяғыда арнайы бір үлкен ғимарат салып, бірдеме жасап, оны ары қарай дамытамын деген балалардың барлығына мүмкіншілік жасау керек деп ойлаушы едім. Олардың ойлап тапқан жобаларын коммерциализациялауға көмектесу керек. Халқымызда «ақыл жастан, асыл тастан» деген нақыл сөз бар. Біздің жастарымызда мұндай қасиет бар екенін көріп отырмыз. Мына залға барлық таланттарымызды жинай алмаймыз, симаймыз. Бірақ барлық жастарымызға жол ашу маңызды», - деді ҚР Президенті.

Айта кетейік, Астанада «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атауымен Жастар жылының ашылу салтанаты өтіп жатыр.

Шараға Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысуда. Сонымен қатар бұл жиынға шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар өкілдері, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, жас әскери қызметшілер келді.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына өткен жылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын.

Президент өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтқан болатын Ал, арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды.  

 

 

 

Жоғары қарай