Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 365.49
EUR 420.35
RUB 5.60
CNY 52.66

Сыр өңірінде ауыз су сапасы жақсарды

2018 жылдың 10 наурыз 2018 03:20 1622

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңіріндегі барлық 268 ауылдың 199-ы топтық су құбырлар мен скважиналар арқылы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Бұл оң нәтиже республикалық көрсеткіште алдыңғы қатарда екенін айғақтайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыста сапалы ауызсумен қамту бағытында нәтижелі істер атқарылып келеді. Осы мақсатта 2002-2010 жылдар аралығында республикалық «Ауызсу» салалық бағдарламасы іске асырылды. Бағдарлама негізінде аудан орталықтары мен елді мекендерін сумен қамту өз деңгейінде жүзеге асты. Сонымен қатар, ауыз су жүйелерін күрделі жөндеу, жаңарту шаралары қолға алынды. 2015 жылдан бері көптеген салалық бағдарламалар 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасына біріктірілді.

«Елбасы Жолдауында орталықтандырылған ауылдық елді мекендер санын 80 процентке жеткізу тапсырмасына сәйкес, 2011 жылдан бері - осы бағыттағы бағдарламалар бойынша 38 елді мекеннің су жүйелері жаңарды. Ал  қалалық елді мекендер толықтай ауызсумен қамтылған», - дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин.

Қазіргі таңда халықты сумен қамтамасыз ету бағытында «Нұрлы жол», «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асуда. Атап айтқанда, 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Қызылорда қаласы мен бірқатар аудандарда су желілері жөндеуден өткізілді. Осыған қатысты  5 жобаға қаржы тартылды.

Алдағы уақытта облыстағы  10 елді мекенді сумен жабдықтау қолға алынбақшы. Қазір осы бағытта жоба-сметалық құжаттары жасалуда. Мамандардың айтуынша,  олардың арасында 5-ін топтық су құбырына қосуға мүмкіндік бар. Мәселен, Арал ауданындағы Ақбасты, Тоқабай, Абай және Жаңақорған ауданындағы Кеңес, Құттықожа ауылдары осындай игіліктің оң нәтижесін көреді деп күтілуде.

 

Әділет ҚАҢТАРБАЕВ 

 

 

Жоғары қарай