Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Светлана Жақыпова борышы кешірілгендер тізіміне кімдердің кірмей қалғанын айтты

2019 жылдың 9 қыркүйек 2019 12:47

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова азаматтарының борыш жүктемесін азайту шараларына кімдердің енбай қалғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлығының іске асырылу барысына арналған баспасөз конференциясы өтті.

Вице-министр Светлана Жақыпованың айтуынша, борышының бір бөлігі кешірілетіндер тізімі кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар азаматтардың 5 санатына жататын тұрғындардан жасақталған. Осы санатқа жатса да, тізімге енбей қалғандардың бар екенін растаған министрлік өкілі оның себебін түсіндірді.

«Біріншіден, егер көпбалалы отбасы болса, жұбайы туралы мәлімет мемлекеттік ақпарат жүйесінде болмаса, неке қию туралы мәлімет хал актілеріне тіркелмесе, ондай отбасы тізімге енбей қалады. Біз оны Әділет министрлігіне жібереміз. Сонда тіркелгеннен кейін ғана тізімге енеді. Асыраушысынан айырылған азаматтардың кейбіреуінің де азаматтық хал актілері туралы ақпараттық жүйеде мәліметі жоқ. Оларды да Әділет министрлігіне жібереміз. Егер көпбалалы отбасылардың балалары кәмелет жасына толып, оқуда жүрсе, ол туралы ақпарат ҚР Білім және ғылым министрлігінің ақпарат жүйесінде тіркелмесе, тізімнен тыс қалады. Ондай азаматтарды да Білім және ғылым министрлігіне жолдаймыз», - деді Светлана Жақыпова.

Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың борыш жүктемесін жеңілдету туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

Бүгінге дейін борыш жүктемесін жеңілдету бойынша 507 мың қазақстандық анықталған.


Жоғары қарай