Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.94
EUR 433.50
RUB 6.10
CNY 55.13

Сұлтанов пен Мырзағалиев жаңа министрліктердің ұжымымен танысты

2019 жылдың 17 маусым 2019 17:59

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Премьер-Министр Асқар Мамин жаңа ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованы, сондай-ақ жаңадан құрылған ҚР Сауда және интеграция министрлігінің басшысы Бақыт Сұлтановты, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басшысы Мағзұм Мырзағалиевті ұжымға таныстырды. Бұл туралы Министрлер кабинетінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлына мәдениет, спорт, туризм салаларының дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

«Арыстанбек Мұхамедиұлы - тәжірибесі мол басшы. Министр қызметінде бес жыл ішінде қарқынды жұмыс істеп, осы саланың өзекті мәселелерін шешуге қатысты нәтижелі жұмыстарды атқарды», - деді Асқар Мамин.

Өз кезегінде, А. Мұхамедиұлы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа аталмыш саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асырудағы өзіне артылған сенім мен көрсеткен қолдауларына алғысын жеткізді.



Асқар Мамин ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұжымына жаңа басшыны таныстыру барысында Ақтоты Райымқұлованың аталған саладағы жоғары біліктілігін атап өтті. Сондай-ақ ведомство алдына қойылған мақсаттарға қол жеткізуде табыс тіледі. А. Райымқұлова Мәдениет және спорт министрлігінің құрылымында 6 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келеді. 2016 жылғы қазаннан бастап вице-министр қызметін атқарды.

Асқар Мамин жаңа ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ұжымымен кездесуде Б. Сұлтановтың басшылық қызметтердегі көпжылдық жұмыс тәжірибесін атап өтті.

«Б. Сұлтановтың жаңа мемлекеттік органның жұмысын ұйымдастыруға және қойылған міндеттерді сапалы орындауға қажетті мол тәжірибесі бар», - деді А. Мамин.

ҚР Премьер-Министрі оның Мемлекет басшысының үлкен сенімін ақтап, жаңа министрліктің алдында тұрған маңызды міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз ететініне сенім білдірді.



Сондай-ақ Үкімет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевті таныстыра отырып, оның жоғары біліктілігі мен жұмыс тәжірибесін атап өтті.

«Президент Сізге, өте маңызды бағытты басқаруды және жаңа мемлекеттік органның жұмысын ұйымдастырып, қойылған міндеттерді орындауды сеніп тапсырды», - деп атап өткен Асқар Мамин, барлық ұйымдастыру мәселелерін жедел шешуді және жұмысқа кірісуді тапсырды.

Жоғары қарай